Былтырғы бюджеттегі әлеуметтік сала шығыстары 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды - Б. Сұлтанов

Министрдің айтуынша, есепті кезеңде республикалық бюджет шығыстары 7 трлн 163 млрд теңгені құрады. «Әдеттегідей, былтырғы бюджетте де әлеуметтік сала басымдыққа ие болды. Бұл ретте бюджеттің контрциклдық ұлғаюы, бірінші кезекте, әлеуметтік шығыстарды ұлғайтуға бағытталды. Бюджет құрылымындағы олардың үлесі 39,4 пайызға дейін немесе 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды», - деді Б. Сұлтанов.
Оның айтуынша, зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 пайызға көбейтілді. Бала тууға жәрдемақы 400 мың алушыға төленді, 87 мың «декреттегі» адам үшін зейнетақы жарналары берілген. Ал аз қамтылған отбасылардан жарты миллион балаға жәрдемақы берілді.
«Игеруге келсек, жалпы шығыстар, атап өткеніміздей, 99,8%-ға игерілді. Бұл ретте игерілмеген 7,8 млрд теңгенің жартысынан астамы (4,4 млрд теңге) ағымдағы жылы ұзақ мерзімді жобалар ретінде пайдаланылады. Анағұрлым көп игерілмеу сомасы Ішкі істер министрлігіне - 3,4 млрд теңге, Іс басқармасына - 0,8 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне - 0,7 млрд теңгеден, Ұлттық экономика министрлігіне - 0,6 млрд теңгеден келеді. Осы жылы біз бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылу сомасын да алғаш рет келтірдік. Бұл жаңа ұғым, есептік өлшем болып табылады. 2015 жылы бұл сома 232 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылдың бағасына қарағанда 42 пайызға төмен», - деді Б. Сұлтанов.