18:02, 25 Мамыр 2009 | GMT +5
Былтырғы игерілмей қалған қаражат 13,1 млрд. теңгені құрайды - Б. Жәмішев
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтырғы жылғы бюджеттің игерілмей қалған бөлігі 13,1 млрд. теңгені құрайды.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламентінің Мәжілісінде Үкіметтің 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырған Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, былтырғы жылғы бюджеттің игерілмей қалған сомасы 2007 жылмен салыстырғанда екі есеге қысқарған.
«2008 жылы Үкімет бюджетті екі мәрте нақтылады. Соның ішінде екінші мәрте нақтылау барысында бюджеттің тиімді игерілуін ғана емес, жағдайға орай бюджет қаражаттарын басым салаларға бұру да назарға алынды», - деген Б. Жәмішев әрбір сала бойынша игерілмей қалған қаражаттың себептерін де ашып көрсетті. Оның айтуына қарағанда, былтырғы жылы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі 3,2 млрд. теңгені игермеген. Оның ішінде 2,5 млрд. теңгесі Жамбыл ГРЭС-іне мазутты пайдаланудың қажеті болмай қалғанға орай жаратылмаған. «Әрине, бұндай жағдайдағы бюджет қаражаты игерілмей қалғанына қарамастан, оның себебін оң бағалау қажет. Бұдан басқа Денсаулық сақтау министрлігі 1,7 млрд. теңгені игере алмады. Ал Қаржы министрлігіндегі игерілмеген қаражат 3,2 млрд. теңгені құрайды. Бұның басым бөлігі Үкіметтің пайдаланылмаған резерві болып табылады. Жалпы, былтырғы игерілмеген қаражаттың басым бөлігі оң себептерге байланысты», - деді министр.