Былтырғы жылы ел экономикасында жұмыспен қамтылғандар арасында жалдамалы жұмысшылар 5,4 млн. адамды құрады - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық - Қазақстанды индустриялық дамытудың кадрлық резерві» тақырыбында өткен «Нұр Отан» ХДП фракциясының жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысы барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлім етті.
«Бүгінгі күні еліміздегі жалпы халық саны 16,4 млн. адамды құраса, бұндағы халық құрылымында жалдамалы жұмысшылардың үлесі ең жоғары болып, 31,7 пайызды құрайды. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесі жалпы халықтың 16,5 пайызына тең. Соңғы онжылдықта ел халқы санының көбеюінде оң үдеріс байқалып, бұл 1,8 млн. адамды құраған. Сонымен бірге, жалдамалы жұмысшылар саны да соңғы он жылда 1,7 млн. адамға артқан. Бұның өзі құрылған жұмыс орындары санының артқанын білдіреді. Бұдан бөлек, білім алып жатқандар саны да 1,5 есеге өсті. Бұлар болашақтағы білікті мамандар болып табылады. Сондай-ақ, жұмыссыздар саны 1,5 есеге қысқарды. Бірақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны өзгеріссіз», - дейді Б. Нұрымбетов.
Оның айтуынша, 2010 жылы еліміздегі экономикалық белсенді халық саны 8,6 млн. адамды құраған. Оның ішінде экономикада жұмыспен қамтылғандар саны 8,1 млн. адамды құраса, оның ішінде жалдамалы жұмысшылар 5,4 млн. адамды (66,7 пайыз), ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 2,7 млн. адамды (33,3 пайыз) құрады.