Цайцзин: Қазақстан еуразиялық континеттік сауда-саттықтың орталық хабына айналады (ФОТО)

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР-дағы танымал «Цайцзин» («Қаржы және экономика») журналы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына арналған мақалалар сериясын жариялады.
None
None

«Қазақстанда «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты жарияланған соң ҚР-да инфрақұрылымдық құрылыс басымдық алып барады, қазақстандық тараптың қуатын қазақстандық-қытайлық шекарада «Қорғас» шекара маңы өткізу бекетін салудан байқауға болады», деп жазады басылым Орталық Азияның экономикалық әлеуеті туралы мақаласында.

Мақалада Қорғастың ҚХР ШҰАӨ Іле Қазақ автономиялық облысындағы Инин қаласынан 90 шақырым қашықтықта және қазақстандық Алтынкөл қаласынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан шекаралық өткізу бекеті екені айтылған. Қорғас арқылы Қытай мен Орталық Азия арасындағы ірі көлемдегі тауар тасымалы өтеді. «Қорғаста шекара маңы ынтымақтастығы орталығын салу бастамасын алғаш рет Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы көтерген. 2010 жылы мамыр айында Шыңжаң халық үкіметінің жұмыс конференциясын өткізген соң Қорғас шекара маңы бекетінде құрылыс қарқыны артты. Ол орталықазиялық аймақ үшін ашық аймақ тізіміне енді әрі аймақтар арасындағы бизнес-байланыстар және мәдени алмасу үшін маңызды алаңға айналды. 2014 жылы маусым айында ҚХР Мемлекеттік кеңесі Қорғас қаласы мекемесін уезд деңгейінде бекітті, ол Іле Қазақ автономиялық облысының бағыныстылығына енді», - делінген материалда. Мақала авторы 2014 жылдан ҚР-да экономиканың өсу қарқынының төмендегенін атап өтеді, бұл ел басшылығының сауда-саттық жағдайларын жетілдіру үшін инфрақұрылымдық құрылысқа ауқымды инвестициялар салу туралы шешім қабылдауына әкелген.

«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты қабылданған соң Қазақстан үкіметі биылғы жылдың маусым айында нақты жоспарды - «Жүз қадамды» ұсынды: алдағы бес жылда Қазақстан өзінің көліктік және өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамытуға 60 трлн. теңге (220 млрд. доллар) салады. Оның 85%-ын жеке инвесторлар салмақ», - деп атап өтілген мақалада. Қорғас өткізу бекетінің, арнайы экономикалық аймағының және шекара маңы ынтымақтастығы орталығының қазақстандық бөлігінің құрылысы жоғарыда аталған жоспардың маңызды бөлігі болып табылады. Қазақстандық тараптың жоспары бойынша, болашақта Қорғастың қазақстандық бөлігі сыйымдылығы 15 мың адамды құрайтын шағын қалаға айналады. «Орталық Азия елдері мен Азия-Тынық мұхиты аймағындағы еуропалық мемлекеттер арасындағы жүк тасымалын үйлестіру мақсатында Қазақстан аумағы 4500 гектар болатын еуразиялық континенттегі ірі құрлықтық логистикалық орталықты салуға 70 млрд. теңге (шамамен 250 млн. доллар) жұмсамақ», - делінген «Қытай мен Қазақстан Еуразиядағы ірі логистикалық айлақты салмақ» деген тақырыппен берілген басылым мақаласында. «Соңғы жылдары темір жол тасымалына деген сұраныс күрт артты. «KTZ-Express» мәліметтерінше, қазіргі кезде Еуропа мен Қытай арасында 1290 халықаралық жүк пойыздары қатынайды. Бес жылдан соң пойыздарға деген сұраныс 10 есеге, ал контейнерлердің жүк ағымы - 22,5 есеге артады. «China Railway» қытайлық корпорациясы 2014 жылдың екінші жартысында Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік пойыздар қозғалысы жоспарына түзетулер енгізді. Сөйтіп, қызмет ететін теміржол бағыттарының саны 8-ден 19-ға дейін өсті», - делінген мақалада. Мақала авторы «Қорғас» логистикалық орталығын салу мақсаты Қытай мен Еуропа арасында жүріп жатқан пойыздардың тиімділігін арттыру екенін еске салады. «Қорғас» логистикалық орталығының құрылысы аяқталған соң құрлық жолдарының көліктік инфрақұрылымын жаңғырту және жақсарту жағдайында Қазақстанның дәстүрлі сауда бағыттарын өзгертіп, еуразиялық континеттік сауда-саттықтың орталық хабына айналу мүмкіндігі пайда болады. Еуразиялық континенттің екі жағындағылар да, оның ішінде Қазақстан да бұдан тек ұтады. Ол кезде Жапонияда шығарылып, Қазақстанға экспортталған көлік діттеген жеріне бір апта ішінде жететін болады», деп жазады «Цайцзин».

Басылым қытайлық оқырманға «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына қатысты жоспарларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Дубайда орналасқан және ірі халықаралық айлақтарды басқару тәжірибесі бар «DP World» корпорациясының қызметін пайдаланғанын хабарлайды. «DP World» бас директоры Карл Гейсеннің айтуынша, қазіргі уақытта «Қорғас»-қа 35 ірі трансұлттық компаниялар қызығушылық танытып отыр», деп түйіндейді журнал. Еске салайық, «Цайцзин» ҚХР-дағы жетекші тәуелсіз қаржылық-экономикалық журналдардың бірі, 1998 жылдан шығып келеді. Оны Қытай қаржы биржасының атқарушы кеңес басқарады. Штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан. Айына екі рет қытай тілінде шығарылып, Қытай аумағы мен Сянган және Аомэнь арнайы әкімшілік аймақтарына таралады. Басылым тиражы - 400 мың дана.

Соңғы жаңалықтар