Чапаевкада жарылысты ұйымдастырушы тағы бір адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды
Мамандандырылған сот үкімімен 20 жасар Жандос Өмірбаев Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айыпты деп танылды. Прокурор Ерлан Сейітжаппаровтың деректеріне сүйенсек, ол 23 жастағы әйел орташа ауыр жарақат алған жарылғыш затты заңсыз сатып алғаны, сақтағаны және тасымалдағаны, сонымен бірге жарылғыш құрылғыны пайдаланғаны үшін айыпты деп танылды. Бұдан басқа жас жігіттен ірі мөлшерде есірткі тәркіленген.
Өмірбаев айыпты деп танылған жарылыс Чапаевка кентінде 13-рет қайталанған. Сотталушы мұны сол уақытта оқшаулағышта жатқан Александр Ефимовке қатысты күдікті сейілту үшін жасағандығын айтқан. Ефимов пен оның екі сыбайласы 13-ші жарылысқа дейін бірнеше ай бұрын тұтқындалған. Наурыздың соңында оларға сот үкімі шығып, олар бірнеше жарылыс жасап, ҰҚТ ұйымдастырғаны үшін айыпты деп танылған. Екеуі 14 жылға, біреуі 13 жылға колонияға жіберілді.
Еске сала кетейік, Чапаевкада жарылыс 2012 жылдан бастап қайталанып отырған. Қолдан жасалған жарылғыш пакеттерді қаскүнемдер қақпа, аула маңына, тіпті есік қоңырауына қалдырып кетіп отырған. Бірнеше адам ауыр жарақат алса, кейбірі қатты шошынған. Чапаевкада соңғы жарылыс сәуірдің соңында орын алды. Жарылыстан 23 жасар жігіт жарты табанынан айырылды. Үйіне келе жатып, жарылғыш затты басып кеткен. Қаскүнемдер қақпа маңын қазып жатқаны сырттан бақылайтын камераға түсіп қалған. Оның спорт күртешесін киген, медициналық бетперде таққан 20-22 жасар жас жігіт екені белгілі. Бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.