Чехияда өткен халықаралық ғылыми жобалар сайысынан маңғыстаулық 8 оқушы жеңіспен оралды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Төрт күнге созылған білім бәсекесінде физика жобасы бойынша «Әртүрлі факторлардың әсерінен тұтқырлық коэффициентінің өзгеруі» тақырыбында қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушылары Н.Қанжанов пен Р.Қазымов топтық жобамен және Жаңаөзендегі №3 орта мектептің 11-сынып оқушысы М.Мырзалы «Өрнекті математика» тақырыбымен 1- орынға қол жеткізді.
Математикадан топтасып «Бұрылыс» жобасын қорғаған қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушылары Н.Мақсұтов пен И.Бақытжан 2-орынды еншіледі. Ал Шетпе гимназиясының 11-сынып оқушысы А.Шыныбаева географиядан «Қыпшақтардың наным-сенімінен туған ауа-райын болжау тәсілдері» тақырыбында, сондай-ақ Бейнеу лицейінің 11-сынып оқушысы А.Жеткізгенова, тілтану секциясында «Ағылшын тілі мен қазақ тілінің дыбыстық салыстырмалы үйлесімділік жүйесі» тақырыбында 2-орынды, ал Бейнеу лицейінің 9-сынып оқушысы М.Құрбанбаев биология пәні бойынша «Шөл өсімдіктерінің маңыздылығы» тақырыбында 3-орынды иеленді.
Олардың барлығы бірдей өз жобаларын бастан-аяқ ағылшын тілінде қорғаған.
Маңғыстау ұландарының тақырыптарының салмағына, айтар ойының маңыздылығына және біліміне, сондай-ақ оны ағылшын тілінде еркін сөйлеп жеткізе алғандығына риза болған шетелдіктер оларға Прагадағы Нью-Йорк университеті мен Карлово университетіне, Германияның түрлі жоғары оқу орындарында оқуға ұсыныс білдірген. Маңғыстаулық жеңімпаздардың барлығы да қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде еркін сөйлей біледі. Олардың ішінде 3 оқушы - «Алтын белгі» үміткерлері.
Жеңіспен елге оралған балаларды облыстық білім басқармасының бастығы Қаныбек Жұмашев қабылдады.
«Соңғы 3-4 жылда облысымызда білім саласына айрықша назар аударылып, жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Оқушыларымыздың зор табысқа қол жеткізуі - сол қолдаудың нақты нәтижесі.Осы жылдар ішінде түрлі деңгейдегі жарыстардан жеңімпаз атанған оқушылар саны артты. Өткен оқу жылында балаларымыз Кипр, Грекия, Бразилияда, сондай-ақ республикалық сайыстарда жүлдегер болды», деді МО Білім басқармасының бастығы Қаныбек Жұмашев.
Әр аудандық, қалалық білім бөлімдерінің өкілдері құттықтап, жүлде алған оқушыларына ақшалай сыйлықтарын ұсынды.