Чернобыль апатынан зардап шеккендер мәртебелерінің бекітілгенін қалайды - БҚО

ОРАЛ. 27 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 26 сәуір күні Чернобыль апатына 25 жыл толуына орай шаралар ұйымдастырылғаны мәлім.
None
None

Осындай шаралар Орал және Ақсай қалаларында да өткізілді.

Күші жағынан 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан 500 есе артық экологиялық зиян әкелген аталмыш алапат апатты залалсыздандыруға үш мыңнан астам батысқазақстандық аттанса, қазір солардың тек үш жүздейі ғана тірі. Жарылыс салдарын жоюға қатысқандар қатары күн санап кеміп барады. Аман қалғандарының өзі тұла бойына таскенедей жабысқан дерттеріне тұрмыстың түрлі түйткілдері қосалқы болып тұрғанын айтуда. «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектерінің мәртебесі заң жүзінде бекітіліп, соған сәйкес жеңілдіктер жасалса» деп базына айтады сол апаттың көзі тірі куәгерлері.

-Чернобыльдағы жарылыстан тараған радиоактивті сәуленің адам ағзасына қаншалықты зиян екені кімге болса да белгілі. Ең қауіпті рак ауруы өз алдына, жүйке жүйесінің зақымдануы, белсіздік, сүйектің сырқырап ауруы, қалқанша бездің шамадан тыс ісінуі, тағы басқа да қатерлі ісік аурулары көп кездеседі. Сондықтан, оларға керекті дәрі-дәрмек және дұрыс тамақтану мәселелерінің алдыңғы кезекте екені айтпаса да түсінікті, - дейді өзі де Чернобыльдағы АЭС-те әскери жасақта қызмет еткен инфекционист-дәрігер Сергей Пунгин.

Сондай-ақ, кейбір сәттерде радиоактивті элементтердің тұқым қуалауы да онсыз да жабырқау көңілге үлкен соққы болуда. «Чернобыль апатының қасіретін тәнімен де, жанымен де сезініп өмір сүріп келе жатқан мүгедек балалардың не жазығы бар?» - деп кемсеңдейді жұбайлары радиациядан сауығып кете алмай өмірден өткен және оған қоса жарымжан балаларды тәрбиелеп отырған қайғысы қалың жесір аналар.

-Үкіметтен алатын 27 мың теңгені құрайтын жәрдемақы әлі де қысқа жіпті күрмеуге келтірмей тұр. Көршілес Ресейде Чернобыль апаттарының құрбандары мемлекеттің үлкен қолдауын көріп отыр. Әріге бармай-ақ, көршілес Ақтөбе облысында да апат ардагерлері мен мүгедектеріне елу пайыз жеңілдетілген жолақы мен коммуналдық төлем қарастырылған. Шипажайларда ем-дом қабылдауға жолдама беріліп тұрады, әйткенмен, радиацияның ағзаға кері әсерін азайтуға септігін тигізетін арнайы емдеу-тынығу мекемелеріне жөнелту жағы кемшін. Мәртебеміз заңмен бекітіліп, жеңілдіктер айқындалар болса, жағдайымыз біраз жақсарар еді, - дейді облыстық «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Тайманов.

Соңғы жаңалықтар