Цюрихте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-швейцария үкіметаралық комиссиясының мәжілісі өтті

    АСТАНА.  Желтоқсанның  4-і. ҚазАқпарат -  Цюрихте Қазақстан Республикасының Әділет министрі Рашид Түсіпбеков пен SECO басқармасының  мүшесі, сауда келісімдері бойынша өкілі, Елші Моника Рюль Бурцидің төрағалығымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-швейцария үкіметаралық комиссиясының алтыншы мәжілісі өтті, 
None
None

 деп хабарлады  ҚР Әділет министрлігінің  баспасөз қызметінен.

 Министрліктің баспасөз қызметінің    өкілі  Аида Лурованың айтуынша, екі елдің мемлекеттік органдарының, ұлттық компаниялары мен бизнес құрылымдарының өкілдері ұлттық экономиканы дамыту, индустриялық-инновациялық дамуды күшейту, бизнесті дамытуды қолдау сияқты екі елдің ынтымақтастығындағы негізгі мәселелерді талқылады.

 Р. Түсіпбеков  өз сөзінде атап көрсеткендей, экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі инвестициялық ынтымақтастық болып табылады.  Ал оның ішінде,   Швейцариямен  арадағы     өзара іс-қимылдар     ұзақмерзімдік  басымдықтардың  қатарына жатады.

2009 жылдың бірінші жарты жылдығында Швейцариядан Қазақстанға келген тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 3,248 миллиард  АҚШ долларын құраған.

 Мәжілістің қорытындысы бойынша тараптар бірқатар келісімдерге қол жеткізді, олардың ішінде екі елдің құқықтық келісімшарт базасын кеңейту, кіші және орта бизнесті қолдау, нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған келісімдер бар. Мәжіліске қатысушылар, Комиссияның тиімді жұмысы екі елдің сауда-экономикалық саласында ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

 Бір күн бұрын Қазақстанның Әділет министрі Рашид Түсіпбеков Бернге қызмет сапарымен келді. Сапар барысында ол Швейцарияның Федералдық әділет департаментінің және полициясының басшысы, Федералды Кеңесшісі Эвелин Видмер-Шлюмпфпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар заң үстемдігін қамтамасыз ету мен сот төрелігі салаларында екі жақты ынтымақтастықты нығайтуға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, қазақстан-швейцарлық келіссөздердің негізгі тақырыптары мыналар: адам құқықтарын қорғау, сондай-ақ бас бостандығынан айыру мекемелерінде, жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық нормалары мен халықаралық келісімдерді қолдану бойынша тәжірибе алмасу; қылмыстық жазаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу; өзара тағылымдамалар, халықаралық конференциялар мен «дөңгелек үстелдер» ұйымдастыру, әділет органдарының қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курстары мен тренингтерді, семинарларды өткізу.

 Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар екі елдің әділет органдарының арасындағы ынтымақтастықты дамыту Орта Азия аймағындағы заң үстемдігін күшейтуге әсер ететіндігіне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар