Д. Қажымов: Қадыр Мырза Әлі атындағы орталықтың ашылуы - БҚО-ның ғана емес, республиканың рухани өміріндегі айрықша жаңалық

- Донеділ Ізмағамбетұлы, осы орталықтың басты ерекшелігі қандай? Келушілерді не қызықтырады?
- Қадыр аға мұражайы күн сайын жұмыс істеп тұр. Келушілердің қатары аз емес. Кейде арнайы делегациялар да келеді. Мысалы, жуырда Бөрлі аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен бір топ ардагер Орал қаласын аралап, тарихи орындарды көруге келді. Бұл сапарға Бөрлі аудандық әкімдігі қолдау көрсеткен екен. Олар ең әуелі Қадыр орталығынан бастады. Сондай-ақ Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын 1995 жылы бітіргендер өздерінің жиырма жылдығына жиналған екен, олар да осында келіп, орталықты тамашалады. Сонымен қатар Сырым ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен бір топ адам келіп кетті. Алдағы уақытта да еліміздің басқа облыстарынан, көрші Ресей елінен келуге ынта білдіріп жатқандар бар. Орталықта болған адамдар туралы дерек сақталсын деген оймен, кітапша ашып, келген адамдарды тіркеп отырмыз. Болашақта шетелдік қонақтар да келетіні сөзсіз.
Осы орталықта мұражайдан бөлек Қадыр ағаның мемориалдық кабинеті бар, онда жазу үстелі, орындығы және басқа да өзі пайдаланған дүниелері қойылған. Келушілер ақынның үйін өз көзімен көргендей әсер алады. Мұнда кітапхана да бар. Қаланың бұл шағын ауданында жаңадан қоныстанған 40 мыңдай тұрғын бар екен. Бұл маңда кітапхана жоқ. Тек қалалық кітапхананың бір нүктесі ғана жұмыс істеп келді, ол сұранысты толық қамти алмасы анық. Ал қазір бізге ересектер де, балалар да келіп, кітап алып тұрады. Үлкендерге арналған кітаптарды Жұбан Молдағалиев атындағы кітапханадан, ал балаларға арналған әдебиетті қаладағы Хамза Есенжанов атындағы кітапханадан алдырдық. Алматыдан Қадыр ағаның жеке кітапхана қоры көшіріліп әкелінді.
Орталықта 150 орындық концерт залы бар. Ол әртүрлі әдеби-мәдени кештерді өткізуге арналған. Сонымен бірге 30 адамға есептелген конференция залы жұмыс істеп тұр. Жақында осында қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілері қатысты, келелі пікірлер айтылып, орынды ойлар қозғалды. Бұл залдар заманауи техника құралдарымен қамтылған. Дыбыс күшейткіш, жарық беретін аппаратуралар орнатылған. Айталық, конференция залында әр адамға бір микрофон бар, ілеспе аудармашылардың бөлек кабиналары бар.
Сонымен қатар осы орталықтың 1125 орындық амфитеатры бар. Ол жазды күндері, ашық аспан астында мәдени іс-шаралар өткізуге арналған. Оның ашылу салтанатына Құрманғазы атындағы оркестр келіп, екі мыңдай адамның алдында өнер көрсетті. Амфитеатрын есепке алмағанда, бұл ғимараттың жалпы аумағы 3840 метрді құрайды.
Қадыр ағаның әр кезеңде түскен суреттерінен фотокөрме ұйымдастырылған. Төменгі қабатта кәсіби суретшілердің көрме залы орналасқан.
Осы жобаны іске асырып, бұл ғимараттың салынуын өз бақылауында ұстаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Облыс әкімі бұл орталықты басқару жөнінде маған ұсыныс жасады. Соған орай өзім осы жоба қолға алынған кезден бері басы-қасында жүрмін.
Бұл ғимарат ішінде үш одақтың, яғни, Қазақстан Жазушылар, Суретшілер және Композиторлар одақтарының филиалдары орналасқан. Өзара бас қосып, жұмыс барысы туралы кеңестерін өткізіп тұрады.
- Өзіңіз ел-елді аралап, талай жерде болып жүрсіз. Бірақ осындай ерекше орталықты көрдіңіз бе?
- Танымал тұлғалардың мұражайлары бар. Алайда, мұндай арнайы салынған және көп функциялы осындай орталықты көрген жоқпын. Өзге адамдардың да пікірі осындай. Тіпті мұны қаржыландыру үшін біз бұл орталықтың штаттық кестесін қалай жасауға келгенде біраз қиналдық. Өйткені мұражай, кіптахана, мәдени орталық ұжымдары қызметкерлерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бір-біріне сәйкес келе бермейді. Мұндай орталықты қаржыландыру тәжірибеде жоқ екен. Оның үстіне үш одақ осында жұмыс істейді. Олар қазірдің өзінде оң нәтижесін көріп жатыр. Мысалы, қалада бір ғана көрме залы бар еді. Суретшілер картиналарын қою үшін кезек келмей жата ма, «Бізге көрме залы керек» деп мәселе көтеріп жүретін-ді. Қазір осында көрме ашылып, суретшілердің көптеген еңбектері қойылды. Келешекте ол жаңғырып отырады. Өз көрмелерін өткізу туралы басқа өңірдің суретшілері де ынта білдіріп жатыр. Яғни, қаламгерлер үшін де, суретшілер мен сазгерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылуда.
- Бұл ғимаратты көрген адамдардың пікірі қандай?
- Орталық 27 маусым күні ашылғанын білесіз. Сол салтанатты шараға еліміздің танымал тұлғалары, атап айтқанда, Нұрлан Оразалин, Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов, Өмірбек Байгелді және біздің облыстан сайланған Парламент депутаттары қатысты. Олар осындай орталықтың ашылғанына өте риза болып кетті. Себебі бір адамның атында осындай орталық ашып, оның ішінде бірнеше өнер ұжымдарының шоғырлануын ерекше атап өтті. Әсіресе, Әбіш ағамыз тебірене сөз сөйледі.
Бұл орталықтың ашылуы Батыс Қазақстанның ғана емес, республикамыздың рухани өміріндегі айрықша жаңалық болып отыр. Осы өңірге келген адамдар маңдай тірейтін бір мәдени киелі ғимарат болмақ.
Келушілер ғимаратты аралап шыққан соң, 150 орындық залда отырып, Қадыр Мырза Әлі туралы 10 минуттық шағын бейнероликті тамашалайды. Сондай-ақ ғимарат алдында үлкен LED экран орнатылған. Онда Қадыр ағаның афоризмдері жазылған және фотосуреттерінен жасалған бейне ролик көрсетіліп тұрады. Қыркүйек айында оқу басталған соң, мектеп оқушылары көп келетін болады. Оларды Қадыр ағаның өмірі мен шығармашылығы өте қызықтырады.
Өткен жылы Қадыр Мырза Әлі қоғамдық қоры атынан ақынның 80 жылдығына орай деректі фильм түсіру туралы өтініш жасап, Мәдениет министрлігіне хат жазған едік. Сол ұсынысымыз қолдау тапты, қазір фильм түсіріліп жатыр. Түсіру тобы Орал қаласында және ақынның туған жері - Сырым ауданында болды. Қазір монтаждау жүмыстары жүргізілуде. Ол туындыны таяуда көріп қалармыз деген үміттеміз. Оның да осында тұсаукесерін жасап, содан кейін келушілерге ұдайы көрсетіп тұратын боламыз.
Алғаш рет ақын ескерткіші алдында Қадыр оқулары өткізілді. Онда балабақшаға баратын балдырғандардан бастап, сексендегі қарияларға дейін Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін жатқа оқыды.
- Енді алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
- Конституция күнін атап өтуді жоспарлап отырмыз. Мәдени іс-шаралармен қатар батысқазақстандық фотографтардың суреттерінен көрме ашуды ұйғарып отырмыз.
Таяуда облыстағы әуесқой композиторлардың басын қосып, олардың шығармалары бойынша амфитеатрда концерт беруді жоспарлап қойдық.
Алдағы уақытта ғылыми зерттеуге де баса көңіл бөлінетін болады. Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын зерттеуді басты назарда ұстамақпыз. Осы орайда ғалымдармен кеңесудеміз. Танымал ғалымдардың жетекшілігімен жас ғалымдар тобын ұйымдастырып, ақынның өмірі мен шығармаларын зерттеудің ғылыми негізін қалағымыз келеді.
- Болашақта бұл облыс деңгейіндегі ғана емес, республикалық дәрежедегі мәдени-әдеби орталық мәртебесіне ие болады деген сенімдеміз. Игі істеріңізге сәттілік тілейміз.