Д. Қонаевтың 100 жылдығына арналған 500 және 50 теңгелік ескерткіш монеталар айналысқа шықты

АЛМАТЫ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР  Ұлттық банкі 7 қаңтардан бастап көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған  күмістен жасалған
None
None

   номиналы 500 теңгелік және нейзильбер қоспасынан жасалған номиналы 50 теңгелік ескерткіш монеталарды айналысқа шығарды. 500 теңгелік монета  925 сынамды күмістен дайындалған, массасы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, дайындалу сапасы - «proof», таралымы  - 5 мың дана. Ал 50 теңгелік монета «нейзильбер» қоспасынан жасалған, диаметрі - 31 мм, массасы - 11,17 грамм, таралымы - 50 мың дана.

Күміс монетаның нысаны сегіз қырлы, бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан мен Қазақ КСР елтаңбасы бейнеленген.   Төменгі бөлігінде  екі жолға орналасқан және монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Сол жағында  монета дайындалған металды, оның сынамын білдіретін «Ag 925», оң жағында монетаның массасын білдіретін - «31,1 gr.» деген жазу, ал жоғары бөлігінде  - Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан. Монетаны айналдыра жалпақ күңгірт жиек жүргізілген, оның үстіне айналдыра мемлекеттік және орыс тілдерінде нүктелермен бөлінген «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» деген жазу ойып жазылған. Ал  сырт жағында (реверсінде) орталық бөлікте Дінмұхамет Ахметұлының стильдендірілген қырынан бейнеленген суреті аясында көлемді бейнесі салынған. Оның астында қойған қолының факсимилесі мен монетаның соғылған жылын білдіретін  «2012» деген сан. Оң жақ бөлігінде «Д.А. Қонаев 100 жыл» деген жазу мен ҚР Ұлттық банкінің логотипі орналасқан.  Қыры (гурты) тегіс, бедерсіз және жазу жоқ.

 50 тенге Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монетаның бет жағында жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Елтаңба бейнесінің оң жағында  «ҚҰБ»  аббревиатурасы орналасқан. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «50 ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Номиналдың сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу және шығыңқы жиек жүргізілген. Сырт жағында орталық бөлігінде Д.Қонаевтың қырынан кескінделген бейнесі. Монетаның жоғары бөлігінде айналдыра мемлекеттік тілде «Д.А. ҚОНАЕВ» деген жазу, төменгі бөлігінде - туған жылы мен монетаның соғылған жылын білдіретін «1912-2012» деген сандар орналасқан.  Айналдыра моншақ тәріздес доға және шығыңқы жиек жүргізілген. Монетаның бет жағындағы және сырт жағындағы суреттер және жазбалар бедерленген. Қыры - бедерлі.

Ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған. Олардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. Ескерткіш монеталардың бір мың данасы сату үшін арнайы термовакуумды  пластик ораумен шығарылған.

Соңғы жаңалықтар