Даеджон қаласында Корей-Қазақстандық технологиялық әріптестік орталығы ашылды

Орталықты Корей инновациялық кластер қорымен (Даедеок Иннополис) бірлесе «Ұлттық инновациялық қор» АҚ іске қосты, деп хабарлады аталмыш қордың баспасөз қызметі.
Оның ашылу рәсіміне қазақстандық тараптан «Ұлттық инновациялық қор» АҚ басқармасы төрағасы Айдын Құлсейітов, «ҰИҚ» АҚ Инновациялық инфрақұрылымды дамыту орталығының директоры - атқарушы директор Сергей Могильный, корейлік тараптан Корей инновациялық кластер қорының президентіЛи Джае-Гу және басқалар қатысты.
Орталықты құрудағы басты мақсат - Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының инновациялық қызмет субъектілері арасындағы инновациялық белсенділікті және серіктестік қатынастарды дамыту. «Біз бүгін Даедеок иннополисте тұсауын кесіп отырған Корей-Қазақстандық технологиялық әріптестікорталығы екі тараптық, келешекте нақты өзара инвестицияларды тарту жолымен 2-3 есе ұлғаюы тиіс жобалардың көрінуіне және дамуына септесуі тиіс», - деп көрсетті өзінің құттықтау сөзінде «ҰИҚ» АҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов.
Орталықтың негізгі қызметі ақпарат тарату, инвесторлар, әріптестер мен технологиялар іздестіру арқылы екі ел компаниялары арасындағы әріптестікті ретке келтіру, бірлескен ғылыми-зерттеу және инновациялық зерттеулерді үйлестіру, инновацияларды құру мен басқару аясында қызметкерлерді дайындау және дамыту жөніндегі бірлескен бағдарламаларды ұйымдастыру болып табылады.
Орталық арқылы жүзеге асырылатын бастамалар бірлесіп қаржыландырылады деп жоспарланған. Корей білім және экономика министрлігі қазірдің өзінде орталық негізінде жүзеге асатын қазақстандық-корейлік үш жобаға 900 мың доллар қаржы бөліп отыр. Олар - Қазақстандағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында ғылыми-зерттеу институтын және R&D зертханалар қатарын ашу («Зерде» Ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі» АҚ мен Корейлік электроника мен телекоммуникациялық зерттеу институтының бірлескен жобасы), энергияның қалпына келтірілетін көздерін дамыту (Қазақстандық индустрияны дамыту институты мен Корей энергетикалық зерттеулер институтының бірлескен жобасы), сондай-ақ бастауыш жасушаларды қолдану арқылы қатерлі ісіктің жасушалық терапиясын құру (ҚР Ұлттық биотехнологиялар орталығы мен Корей биологиялық ғылымдар мен биотехнологиялар зерттеу институтының бірлескен жобасы).
Қазақстан тарапынан бірлескен жобалар бастамашылардың жеке қаржысы есебінен де, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ беретін инновациялық іс-әрекетті қолдау құралдарын пайдалану арқылы да қаржыландырылатын болады.
Орталық қызметі инновация негізіндегі бизнесті дамытудың сәтті үлгілерін құру жолымен екі мемлекет арасындағы инновация саласындағы ынтымақтастықты айтарлықтай жандандыра түседі деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік, орталық ашу жөніндегі келісімге Корей Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасына ресми сапары кезінде 25 тамыз күні Ақордада екі мемлекет басшысының - Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мен Бактың қатысуымен қол қойылды. Келесі күні, 26 тамызда «ҰИҚ» АҚ-да Корей-Қазақстандық технологиялық ынтымақтастық орталығы іске қосылды.
«Ұлттық инновациялық қор» АҚ 2003 жылы құрылған. Қор өз іс-әрекетін Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырады. Қор іс-әрекетінің негізгі мақсаты - елдегі инновациялық белсенділікті арттыру мен жоғары технологиялық және ғылыми өндірістердің дамуына қолдау көрсету.