«Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы ауылды аумақтарды аралауда

Орталық директоры, жоба жетекшісі, ақын Бауыржан Халиолла қаратөбелік көрермендерге «Дала дидарының» Қадырдай ұлы ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында құрылғандығын жеткізді.
Жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізген кеш барысында айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев жырдан шашу шашса, белгілі әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазған «Не жетеді...» әнін орындап, «Сыған серенадасын» сызылтты. Ал "Батыс star" тобы «Тамаша» әнімен бір серпілтіп тастады. Дәстүрлі әнші, республикалық байқаулардың лауреаты Дастан Есентеміров «Қыз Жібек» фильмінен «Ақ Жайықты», сондай-ақ «Жар» әнін шырқады. Жас әнші Мейірхан Аюпов «Өз елім» деп елге деген махаббатын әнмен жеткізсе, «Інжу» тобы «Асыл әжемді» әуелетті. Ерлан Қуанышев пен Гүлзада Ахметова «Кездер-ай», «Тамды аруы» әндерін орындап берді. Бұлардың бәрі Қадыр ақынның өлеңдеріне жазылған әндер екендігі мәлім. Оған қоса Асланбек Шығыров, Жадыра Нысанова, Тимур Ниязов ақын жырларын оқыса, Талғат Мықи мен Мәрлен Ғилымханов өз туындыларын ортаға салды.
Кеш соңында аудан әкімі Асхат Шахаров ризашылығын білдіріп, өнер ұжымына алғысхаты мен естелік сыйлығын табыс етті.
Айта кетейік, «Дала дидары» ұжымы алғашқы концертін бұдан бұрын Ақжайық ауданында қойған болатын. Мұндай өнер сапарлары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.