Даму бағдарламасын бюджеттік қолдау мәселелері талқыланды
«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2013-2015 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобалары қаралды.
Талқылау барысында экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары М.Әбілқасымова, қаржы министрінің орынбасары Л.Кармазина, мұнай және газ министрінің орынбасары Б.Ақшолақов, денсаулық сақтау министрінің орынбасары А.Құрманғалиева, ауыл шаруашылығы министрінің жауапты хатшысы Е.Аман, қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жауапты хатшысы А.Дерновой сөз сөйлеп, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Отырыста еліміздің Бюджет кодексіне заң жобасы арқылы шартты түрдегі шығыстарды қарастыратын «жаңа бюджеттік ереже» енгізу ұсынылатыны айтылды. Бұл шығыстар бюджет бағдарламасында көрініс табады және ағымдағы қаржы жылындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жақсарғанда іске асатын болады.
Депутаттар экономиканы индустрияландыру, аймақтарды дамыту, жергілікті жерлердегі өмірді қамтамасыз ететін инфрақұрылымдарды көркейту, білім беру және денсаулық сақтау жүйесін нығайту, халық өмірінің сапасын көтеру мемлекеттік бағдарламаларын бюджеттік тұрғыда қолдау мәселелеріне назар аударды.
Талқылау барысында сенатор Е.Нығматулин Мемлекет басшысы ұсынған «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасының маңыздылығын атап өтті. Депутаттар Қ.Баймаханов пен М.Бақтиярұлы Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданындағы экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту, «Тайпақкөл-Қандыарал» көлдері жүйесін жаңғырту мәселелері туралы ойларын ортаға салды.