«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыруға кірісті
2010 жылдың сәуір айынан бастап «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасын жүзеге асырудың II кезеңі басталды, оның аясында әр аудан орталығы мен қалаларда «Кәсіпкерліктің жедел курсы» атты екі күндік оқыту курстарын өткізу арқылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы тұрғындарға ақпараттық-консалтингтік қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бірлесіп дайындаған жоба. Бағдарлама Қазақстанның барлық аудандарындағы кәсіпкерлер мен жеке кәсіп ашуға ынталы тұрғындарға бизнесті ашу және оны тиімді жүргізу бойынша кешенді, бірыңғай және тегін білім беруді көздейді. Бұл өз кезегінде шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдаудың тиімді құралдарының бірі болып табылады және мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі шараларының заңды жалғасы болып отыр.
Қордың баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, 2009 жылы аталған оқыту курстары республикамыздағы 209 аудан, қалаларда ұйымдастырылған. Бұған қатысқан тыңдаушылардың саны 11 мың 603-ті құраса, олардың 40 пайызы кәсіпкерлер, 60 пайызы жеке тұлғалар. Бағдарламаны іске асыру қорытындысы көрсеткендей, кәсіп иелері мен тұрғындарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту ісін одан әрі жалғастыру қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, былтырғы жылы «Бизнес-Кеңесші» Бағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы шағын және орта бизнестің жағдайын анықтау мақсатында бірінші рет көлемді маркетингілік зерттеу жүргізілген, сауалнамаға 10 мыңдай іріктелген тыңдаушы атсалысты. «BISAM Central Asia» бизнес-ақпарат, әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер орталығы жүргізген сауалнама нәтижелеріне қарағанда, кәсіпкерлікке тұрғындардың көптеп тартылу үрдісі мен бизнес турасындағы қоғамдық санадағы түсініктің түбегейлі жақсаруы - мемлекеттің кәсіпкерлік саласындағы саясатының оң нәтижесі болып отыр.
«Даму» Қоры бағдарламаны сапалы жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» ХДП және ҚР Білім және ғылым министрлігімен, облыстар мен Астана, Алматы қалалары әкімдіктерімен ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойған болатын. Оқыту курстарын өткізу барысында әкімдіктер ұйымдастыру-техникалық тұрғыда және тыңдаушылардың мақсатты тобын жинау ісінде айтарлықтай көмек көрсетуде.