Данэлия Төлешова алматылық оқушыларға ән салып берді

Бүгін Қазақ мемлекеттік циркінің ғимаратында Алматы әкімі Бауыржан Байбектің атынан мектеп оқушыларына арнап ұйымдастырылған жаңа жыл шыршасы өтті. Қонақтарға арнап, цирк акробаттары өнер көрсетсе, биыл ғана жұлдызы жанған жас әнші, Медеу ауданындағы №56 гимназия оқушысы Данэлия Төлешова Жаңа жыл әнімен көпшілікті тәнті етті.
«Жаңажылдық мерекеге 1700 бала қатысты. Оның ішінде үздік оқушылар, жетім балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары мен интернат тәрбиеленушілері бар. 1700 баланың барлығына бағалы сыйлықтар табыс етілді. Данэлия Төлешова кеше ғана Алматыға келген болатын. Оның өнер көрсетуі оқушыларға тосын сый болды. Жалпы, Алматы қаласының оқушылары республикалық ҰБТ қорытындысы, республикалық пәндік олимпиадаларда үздік көрсеткіштер көрсетіп келеді. 2017 жылы да алматылық оқушылар үздік болды», - деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жылқыбаева.