Даниал Ахметов «Нұр Отан» партиясының ШҚО-дағы филиалының Төрағасы болып сайланды

Есептік-сайлау конференциясына 500-ден аса партия өкілі қатысты. Олардың қатарында облыстық партия филиалының саяси кеңесі мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, мәслихаттардағы депутаттық фракциялар басшылары, партиялық сайлауалды тұғырнаманың кураторлары, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері бар.
Өз сөзінде Б.Байбек Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауына сәйкес «Нұр Отан» партиясы жұмысының бір бағыты - барлық деңгейдегі бюджет қаражатының жұмсалуы мен қолға алынған жобалар сапасын бақылау болатынын атап өтті.
«Партия қазірдің өзінде аталмыш бағыттағы жұмысқа белсене кірісуге тиіс», - деді ол.
Конференция барысында Даниал Ахметов «Нұр Отан» партиясының ШҚО-дағы филиалының Төрағасы болып сайланды. Д.Ахметов өз сөзінде Жолдау аясында ШҚО үшін транспорттық инфрақұрылымды, тұрғын-үй коммунальдық саласын дамыту, жалға берілетін үйлердің қолжетімділігі, шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін арттыру, жағымды инвестициялық орта қалыптастыру, ауыл шарушалығын мамандандыру сынды мәселелердің өте өзекті екендігін айрықша атады. Сонымен қатар, жаңа әкім, бүгінде облыста «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатының басты бағыттарын талқылау бойынша кездесулердің өткізіліп жатқанын хабарлады.
«Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков 2014 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баяндама жасады. Айталық, облыста партияның 20 аумақтық филиалы және 368 бастаушы партия ұйымы қызмет атқаруда. Олар 56 мың нұротандықтың басын қосып отыр. 2014 жылдың қарашасындағы мәлімет бойынша партиялықтардың 50 мыңы жаңа үлгідегі партиялық билеттерді алып үлгерді.
Конференция барысында ШҚО-дағы партия филиалының Саяси кеңестің жаңа құрамы сайланды. Жаңарған құрамда ҮЕҰ өкілдері 2 есе көбейіп, ондағы мемлекеттік қызметкерлердің саны 25%-ға азайды.
Сонымен қатар партиялықтар «Нұр Отанның» Саяси кеңесінде қабылданған 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл бағдарламасының іске асырылуын талқылады және партияның соңғы 2,5 жылдағы облыстағы Сайлауалды тұғырнамасының іске асырылу нәтижелері қорытындыланды. Мысалы, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл линиясы бойынша 20 қоғамдық кеңес құрамында бірыңғай жемқорлыққа қарсы арнайы құрылым құрылып, ағымдағы уақытта ойдағыдай жұмыс атқаруда.
Жиын соңында Б.Байбек «Партияның 50 тұлғасы» жобасының өңірлік қатысушыларымен кездесті. Оның құрамында партия Саяси кеңесінің мүшелері, партияның Сайлауалды тұғырнамасының бағыттары бойныша кураторлар, партиялық топтардың жетекшілері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, білім беру мекемелерінің, кәсіпорындардың басшылары, жас белсенділер, инженерлер, сондай-ақ, дәрігерлер мен мұғалімдер бар. Кездесу барысында қатысушылар Елбасының жаңа Жолдауын талқылап, «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясаттың басымдықтарын сөз етті және де Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша өз ойларын ортаға салды.