Дәстүрлі емес діни ұйымдардың теріс әрекеттері тыйылар емес

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалығымен өткен діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес мәжілісінде айтылды.
С.Сүлеймен мемлекеттің басты заңына сәйкес діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметін реттеудің халықаралық тәжірибеге сүйенген кейбір нормативтік-құқықтық негіздері туралы атап өтті. Бүгінде ел ішіне іріткі салумен айналысып жүрген дәстүрлі емес діни ұйымдардың теріс әрекеттері тиылар емес. Сондықтан дәстүрлі емес діни ұйымдардың қызметін заң негізінде жүйеге келтіру қажет. Себебі олардың іс-қимылдары қоғамда наразылық туғызып отыр. Өйткені кейбір тұрғындар тарихи-дәстүрлі сенімінен бас тартып, жікшіл секталардың құрамына еніп кетуде. Мұның өзі қоғам мен мемлекетімізге айрықша қатерлі.
Мәжілісте облыстық діни істер жөніндегі департамент директоры Талғат Нығметов өңірдегі рухани ахуал жайында хабарлама жасады. Оның хабарламасындағы деректерді облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашев кеңінен толықтырды. Әсіресе, «Жайық» теріс діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының төрайымы Ләззат Шағатайдың мәлімдемесі мейлінше әсерлі шықты. Оның айтуынша, соңғы жылдары «Иегова куәгерлері» атты діни сектаның қатерлі әрекеті күшейіп кетті. Өздеріне қатысты ешқандай бақылау мен тыйымның болмауын пайдаланып, аталған ұйым қатарына қандастарымызды кеңінен тартып, оларды мемлекетке, қоғамға және отбасына қарсы қоюға тырысуда. Тағы бір тұс. Көшеде, теледидардан жарқыраған жарнама беріп, ағылшын тілін жедел үйретуге, түрлі семинар-тренингтерге шақыратындардың тасасында протестанттық теріс ағымдар тұр. Жарнамаға алданып барғандар рухани торға қалай түскендерін сезбей де қалады Сондай-ақ Л.Шағатай баспасөз бен құқық қорғау орындарын «Жайық» орталығымен қоян-қолтық араласып, бірге әрекет жасауға шақырды.
Мәжілісте олардан басқа күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Закария Сисенғалидың, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының оқытушысы Даниял Тәнзеновтың хабарламалары тыңдалды.