Дәстүрлі ментальдік туралы монография жарық көрді

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Arna-b» баспасынан «Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік» атты ұжымдық монография жарыққа шықты.
None
None

Кітап авторлары - белгілі әдебиетші ғалымдар Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлы және Амантай Шәріп. Бұл ғылыми еңбекті баспаға ұсынған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институты екенін айта кеткен жөн. Зерттеу жұмысына Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Сейіт Қасқабасов сарапшылық жасаған.

Осы көлемді ғылыми еңбекте дәстүрлі ментальдік пен көркемдік-шығармашылық сананың ара қатынасы жан-жақты қарастырылған. Бұл мәселе қазақ әдебиетінің бастау көздері, дамуы және түрленуі негізінде көрініс тапқан. Сонымен қатар монографияда өзге ел әдебиеттерінің үлгілері де қамтылған.

Филология ғылымдарының докторлары Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлы және Амантай Шәріп елімізге танымал ғалымдар. Қай-қайсысының да әдебиеттануда өзіндік орны бар осы үш зерттеушінің ой-тұжырымдары жаңа жинақта ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік мәселелер төңірегінде бір арнаға тоғысып отыр. Салиқалы зерттеу сонысымен де құнды. Әдебиеттің тарихы мен теориясын зерттеушілерге бағыт-бағдар боларлық бұл еңбек оқырманның көз қуанышына айналары анық.

Соңғы жаңалықтар