Дәурен Абаев: Отбасылық құпияны рұқсатсыз жарияламау нормасы заңда бұрыннан бар
«Өздеріңіз білетіндей, заң жобасын дайындау кезінде қызу пікірталас болды. Соның ішінде адамның жеке құпиясын жариялауға қатысты талқылау әлі тоқтаған жоқ. Атап айтқанда, адамның жеке құпиясын, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды ақпарат құралдарында жариялау үшін келісім алу тұрғысында айтайын. Кейбір БАҚ өкілдері осы норманы журналистік зерттеуге кедергі келтіреді деп санайды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты зерттеу жүргізген кезде коммерциялық немесе банктік құпияларды алу қиын болады дейді. Алайда бұл, сөзсіз, қате пікір», - деді министр Фейсбуктегі өз парақшасына жариялаған ақпарат және коммуникациялар саласына қатысты заң жобасының нормаларын түсіндіретін кезекті бейнежазбада.
Дәурен Абаевтың айтуынша, банктік және коммерциялық құпияларды, дәрігерлік, отбасылық құпияларды рұқсатсыз жарияламау нормасы еліміздің заңдарында бұрыннан бері бар.
«Біз тек оларды біріктіріп, бір нормаға енгізіп отырмыз. Яғни, оларды адамның келісімін алмай таратуға бұрыннан тыйым салынған. Әлемнің көптеген елдерінің заңдарында да тура осылай жазылған. Бірақ, мәселені дұрыс түсіну керек. Бір журналистерге шенеуніктердің қымбат көлігі немесе қымбат үйі туралы жариялауға тыйым салған жоқпыз. Ол жоғарыда аталған құпияларға жатпайды. Кейбіреулер отбасылық құпиялар деп, шенеуніктер өздерінің басқа да табыстарын жасырып қалады деп ойлайды. Жоқ! Олай жасай алмайды», - дейді Дәурен Абаев.
Министрдің сөзіне сәйкес, отбасылық құпия дегеніміздің бірі - бала асырап алу мәселесі. Қаржы мәселесіне ешқандай қатысы жоқ.
«Осыған қатысты бір мысал келтірейін. Өткен жылы Жамбыл облысында бір отбасы әжетханада сәбиді тауып алды. Кейіннен олар сол баланы асырап алғысы келіп, сотқа арыз жазды. Бұл оқиғаны көпшілігіңіз білесіздер. Барлық сайттар жазды. Барлық телеарналар көрсетті. Бірақ, сот оларға баланы асырап алуға келісім берген жоқ. Неге мұндай шешім қабылдады? Мұның себебі мынада: олар баланы асырап алды делік. Осы оқиғаны білетіндер оның асыраған ата-анасын танып қойып, бір күні балаға: «сені әжетханадан тауып алған» десе, не болар еді? Бұл оқиға бала қайда барса да алдынан шығатын еді. Сондықтан да сот осындай шешім қабылдады. Әрине, бұны экранға шығарғанда журналистер бұл оқиғаны адамның тағдырына қалай әсер ететінін білген жоқ. Бірақ, нәтижесі солай болды», - деді ведомство басшысы.
Еске салайық, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Парламент қарауына ұсынылған ақпарат және коммуникация саласындағы заң жобасына енгізілген және медиа қауымдастықта резонанс тудырған ең даулы нормаларға қатысты министрліктің ұстанымын білдіретін бейнежазбаны бұған дейін де жариялаған болатын.