23:12, 17 Сәуір 2013 | GMT +5
Давид Шаронның «Әзілдейтін кез емес» комедиясын ТМД елдері арасында бірінші болып қазақстандықтар тамашалайды
АЛМАТЫ. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы «Арман» кинотеатрында француз режиссері Давид Шаронның «Әзілдейтін кез емес» комедиясының журналистер үшін көрсетілімі болды. 18-21 сәуір күндері Алматыда өтетін IV «Бүгінгі француз киносы» фестивалінің бағдарламасына енген бұл туындыны ТМД елдері арасында ең бірінші болып қазақстандықтар тамашаламақ.
Француз көрермендерінің назарына алғаш рет 2012 жылғы 19 желтоқсанда таныстырылған бұл туындының Қазақстан кинотеатрларындағы прокаты 9 мамырда басталады.
Басты рөлдерді Омар Си, Лоран Лафит, Сабрина Уазани, Лионель Абелански сомдайтын бұл туынды Франциядағы прокат кезінде 2 млн. астам көрермен жинаған болатын. Фильмде Париж бен оның сырт жағындағы шағын қалашықтың полицейлері Франсуа мен Усман ықпалды шенеуніктің әйелінің өліміне қатысты қылмысты ашуға тырысады. Биліктегі шенеуніктердің сыбайластығын әшкерелеу кезінде көзқарастары мен талғамдарының сәйкессіздігін ұмытқан олардың әрекеттері көрерменнің езуіне еріксіз күлкі үйіреді.