Денсаулық сақтау министрлігі вирусқа қарсы препараттың тиімсіздігін анықтады
«Бүгінде біздің вирусологиялық зертханалар вирусқа қарсы препараттардың тиімділігіне қатысты жұмыстарды жүргізеді. 20 жыл бұрын ем-дом жасау шараларының ішінде вирусқа қарсы препараттар бізде болмаса, ал қазір олар көптеп кездеседі. Атап айтқанда, біздің зертхана «Ремантадин» препаратының емдеуге қауқарсыз екенін дәлелдеді. Сондықтан осы жайында тұрғындар мен дәрігерлер білуі тиіс. Біз бұл мәліметтерді кеңінен таратып жатырмыз. Ал вирусқа қарсы өзге препараттардың тиімділігі бар және олар аз емес», - деді Жандарбек Бекшин.
Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын 1 миллионға жуық адам тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырады, ал өткен жылы 600 мың ЖРВИ жағдайы байқалды.
«Сондықтан да біз алдын алу шараларына ерекше мән беруіміз керек. ЖРВИ тобына тоқталатын болсақ, адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу керек, әсіресе, балаларды. Атап айтқанда, ауасы желдетілмейтін ғимараттарға барудан тартыну қажет. Осыған байланысты балалар ағзасын дәрумендермен барынша толықтарған абзал», - дейді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
Бұдан бұрын хабарланғандай, алдағы дүйсенбіден Қазақстанда тұмауға қарсы жаппай вакцина егу шаралары басталады.