Депутат мемлекеттік алимент төлеу қорын құруды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдік озық тәжірибелер негізінде мемлекеттік алименттік төлеу қорын құруды ойластырған жөн. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов осы мәселені көтерді.
None
None

Депутат сөз арасында бала тәрбиесімен өзі ғана айналысып отырған көптеген әйелдер тарапынан бұрынғы күйеулерінен алимент өндіріп алуға қатысты арыз-шағымдар соңғы жылдары өсіп отырғанын мәлім етті. «Алименттен жалтарушылар қазіргі таңда түрлі айла тәсілдерге барады, жасырынады, жұмыс орындарын ауыстырады, тұратын жерін көрсетпейді. Ал алимент төлеуге міндетті тұлғаға қатысты заңнамалық нормалар да дұрыс атқарылмай отыр. Сонымен қатар, «қашқын әкелерге» қатысты оларды міндеттемелерін орындамағаны үшін бостандығын шектеу нормалары да алимент алушылардың мүддесінен шығып отырған жоқ», дейді депутат М. Магеррамов.

Оның айтуынша, бұндай олқылықтарды болдырмау үшін алимент төлеуден жалтарушыларды мәжбүрлі еңбекке жегіп, олардың еңбекақысын алименттерді өтеуге аударып отыру керек. Сонымен қатар, депутат алиментті балаларға ғана емес олардың анасына да төлеу мәселесін алға тартады.

«Осыған байланысты шетелдік озық тәжірибелер бойынша мемлекеттік алимент төлеу қорын құру туралы да ойланатын кез жеткен тәрізді. Ол қордың принцпі кейіннен борышкерден өндіру жолдары арқылы бала тәрбиелеп отырған аналарға мемлекет қаражатынан төлемдер аудару. Бұл ең бірінші кезекте баланың қамы үшін құрылатын мемлекеттік көмек болар еді», дейді депутат.

Оның мәліметіне қарағанда, 2015 жылдың қаңтар айында елімізде алименттер өндіру туралы сот орындаушыларына 208,5 мың атқарушылық құжаттары түскен, оның ішінде 14,4 мыңы бойынша ешқандай да алименттер төленбей отыр. Ал 21 мың адамның төлемеген алимент мөлшері «аса қомақты» екен.

Соңғы жаңалықтар