Депутат Оралда Мәншүк Мәметова ескерткішін қалай соққаны жайлы түсінік берді

Халық қалаулысы жол-көлік оқиғасы оның өзін жайсыз сезінгенінен орын алғанын айтты. «Мен әдейі жасаған жоқпын, өзімді жайсыз сезініп, бір сәтке көзім қарауытып кетті, аяғым газда тұрған болуы керек, көлік тура жүріп кеткен. Жол жағасына шығып кеткен сәтте ғана өз-өзіме келдім», - деп атап өтті Таспихов.
Бұдан бұрын «Мой город» хабарлағандай, ЖКО-дан кейін депутат фототілшіні дөрекі сөздермен балағаттаған. Таспихов ол үшін кешірім сұрады. «Ол жерде көп адам келіп, маған тіл тигізді, қорқытты. Егер ашу үстінде қатты сөздер айтып, біреуді ренжітсем, кешіріңіздер. Бұл эмоция әсері ғана. Ол кезде тіпті дәріні алып ішуге де шамам жетпеді. Егер тілшілеріңізге артық сөз айтсам кешірім сұраймын», - деді депутат. Ол апат кезінде ішімдік ішпегенін, мұнысы тест арқылы тексерілгенін айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, оқиға 26 шілдеде күндіз болған. Куәгерлердің айтуынша, Volkswagen Passat CC көлігі Достық даңғылы бойынша бара жатқан, алайда ол белгісіз себеппен бұрылып, тіке алаңға шығып кеткен. Қоршауды бұзып, гүлзарды басып өтіп ескерткішке барып соғылған.