Депутат Ұ. Сәдібеков өңірге сапар аясында оңтүстіктегі бірқатар нысандарды аралады

Атап айтқанда, депутат Ордабасы ауданында Шұбарсу ауылдық округіндегі 600 орындық орта мектептің құрылыс жұмысымен танысты. Ол бойынша депутат әлеуметтік нысанға пайдаланып жатқан құрылыс материалдарының сапасына ерекше назар аударды. Ал Қараспан ауылдық округінде «Экогринфут» ЖШС жылыжай қожалығының жұмысшыларымен жүздескен мәжілісмен «100 қадам» Ұлт жоспары тапсырмаларын заңнамалық қамтамасыз ету мәселелерін сөз етті. Бұдан бөлек, Сайрам ауданында депутат «GOLDEN NOMAD» тігін фабрикасында болды. Айта кетерлігі, фабрикадағы еңбеккерлердің үштен бірі «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы аясында орналасқан екен. Осыған орай, депутат Ұ.Сәдібеков отандық өндірістің преспективасы зор екенін айтып, алда жұмыс орындарын ашу кеңейе түсетініне сенім білдірді. Сонымен қатар, депутат «Нұр Отан» партиясының Сайрам аудандық филиалында азаматтарды өз өтініштері бойынша қабылдады. Депутаттың қабылдауына 15 адам болса, олар тарапынан көтерілген 6 мәселенің шешілуін мәжілісмен Ұ. Сәдібеков тікелей өз бақылауына алатын болды.