13:36, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Діни экстремизмнің алдын алуда тың да тиімді тәсілдер қажет
ОРАЛ. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Діни экстремизмнің алдын алуда тың да тиімді тәсілдер қажет.
Бұл туралы Орал қаласында өткізілген «Қазіргі Қазақстандағы дін мен қоғам» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «БҚО жас ғалымдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шарада облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Мұратқали Төрегелдиевтің айтуынша, ислам мен православие сынды дәстүрлі діндер ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайтуда өз қызметтерін белсенді ете түскенімен, тұрғындардың, әсіресе, жастардың діни сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Діни тәрбиені мемлекеттік деңгейде жүргізу керек. Бұл ретте алдын ала пәндік бағдарламалар жасап, мұғалімдер даярлығын қамтамасыз етіп, жалпы білім беретін мектептерге 9-сыныптан бастап діни таным негіздерін міндетті пән ретінде енгізу жөнінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс берілді. Сондай-ақ діни экстремизм құрбандарына психологиялық көмек көрсету мен оңалтудың республикалық орталығын құру қажеттігі туындап отыр. Қазіргі кезде «қой терісін жамылған» түрлі секталар білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару органдарына, өндіріс пен коммерцияға кіруге ұмтылуда. Сондықтан бұл күресте мемлекет, діни ұйымдар, азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігері қажет.
Облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Күнсәуле Аралбекованың мәліметіне қарағанда, республикада төрт мыңнан астам діни ұйымдар мен топтар тіркелсе, облыста соңғы он жылда бұлардың қатары 22-ден 79-ға жетті.
Пленарлық мәжілістен соң секциялық отырыстарда көршілес Ресей облыстары ғалымдарының баяндамалары да көпшілік назарына ұсынылды.