13:39, 22 Қараша 2014 | GMT +5
«Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көруші жастар қатары артты - Қызылорда
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Қызылорда облысында жоспар бойынша көтерме жәрдемақы алуға 602 маманға 175,3 млн. теңге, тұрғын үй сатып алу немесе салуға 449 маманға 1165,8 млн, теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды. Атап айтар болсақ, осы жылдың 1-қарашасына облыс бойынша 594 маман 76,9 млн. теңге көлемінде бір жолғы көтерме жәрдемақы алды. Оның ішінде: білім саласынан - 349, денсаулық сақтау саласынан - 186, әлеуметтік қамсыздандыру саласынан - 10 маман жәрдемақыға ие болса, спорт саласынан - 17,мәдениет саласынан - 18, ветеринария саласынан - 14 маман көтерме қаржы алған. Ал, тұрғын үй сатып алуға немесе салу үшін бөлінген қаржыдан 440 маманға 1159,9 млн. теңге несие берілген. Білім мен денсаулық саласынан 397 жас маман несиеге қол жеткізсе, әлеуметтік қамсыздандыру жән спорт, мәдениет, ветеринария салаларының 43 түлегі тұрғын үй қаржысына қол жеткізген.

Аталған бағдарламаның облыста жүзеге асырылу барысын кеңінен насихаттау мақсатында жергілікті ресми басылымдарда жұмысқа тұрған жас мамандардың пікірлері, бағдарлама аясында көрсетіліп жатқан жеңілдіктер, Ережемен таныстыру т.б материалдар жергілікті басылымдарда үздіксіз жариялануда. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының жүзеге асырылуынан бастап ауылдық елді мекендерде жұмысқа орналасып, мамандар әлеуметтік қолдау шараларын тұрақты алуда. Үстіміздегі жылы көтерме жәрдемақының көлемі 1 маманға 70 АЕК пен 129640 теңге, ал тұрғын үй сатып алуға немесе салу үшін 1500 АЕК пен 2778,0 мың теңге болып белгіленді.