12:28, 12 Шілде 2013 | GMT +5
«Дипломмен ауылға» бағдарламасының талаптарын бұзған жастар алған жәрдемақыларын қайтаруға мәжбүр болды
ОРАЛ. 12 шілде. ҚазАқпарат - Теректі ауданы прокуратурасы тексеріс барысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес көтерме жәрдемақы түрінде төленген бюджеттік қаражатты кейін қайтармау фактілерін анықтады.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш бағдарлама бойынша ауылға барған жас мамандарға республикалық бюджет есебінен 70 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы және 1500 АЕК-тен аспайтын мөлшерде бюджеттік несие бөлінеді. Келісімшартқа сәйкес мұндай әлеуметтік қолдауға ие болған жас маман сол жерде кемінде бес жыл жұмыс жасауға міндетті. Алайда, соған қарамастан, Ш.Оңашев атындағы, Шаған орта мектептерінде мұғалім, «Айгөлек» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс жасаған 4 жас маман келісімшарт талаптарын бұзып, жұмыстан шығып кеткен.
Аудан прокуратурасының аудандық экономика және қаржы бөліміне енгізген ұйғарымына сәйкес аталған жас мамандардан бюджет пайдасына 339 780 теңге өндірілді.