«Дипломмен ауылға» жобасы еліміздің белсенді дамуына қолдау болуда - Тараздағы жастар форумы

Ішкі саясат басқармасының бастығы Рахия Тұрмағамбетованың айтуынша, Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында өтіп отырған бұл форумның мақсаты - жастардың арасындағы жұмыспен қамту проблемаларының алдын алу, жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне қолдау көрсету, ауылды дамытуға олардың белсенді атсалысуына жағдай жасау болып табылады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде оқыған дәрісінде жастарды ауылды дамытуға бар күш-жігерлерін салуға үндеген еді. Ал былтыр желтоқсан айында ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және ынталандыру туралы заңға қол қойылды. Ол заңда ауылда жұмыс істеуге ниет білдірген жас мамандарға қомақты демеуқаржы төлеу туралы нақты шаралар қарастырылған. Оған қоса, олар келесі жылдан бастап 15 жылға дейінгі мерзімге нөлдік ставкамен 900 мың теңге көлемінде несие ала алады. Бұл ақшаға үй сатып алуға, қосалқы шаруашылық ұйымдастыруға болады», дейді форумда сөз сөйлеген Жамбыл облысы Жастар ұйымдары қауымдастығының жетекшісі Әлия Арзымбетова.
Жамбыл облысында аталмыш бағдарлама аясында 200 жас маман жұмысқа кірісіп кетті.