21:41, 28 Шілде 2015 | GMT +5
Доминиканнан келген оқушы қазақ халқының мәдениетінің ерекшелігіне тәнті болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда информатика пәнінен мектеп оқушылары арасында өткен халықаралық олимпиадаға қатысушы, Доминикан Республикасынан келген Алехандра Мартинез Жименез қазақ халқының мәдениетіне тәнті болғандығын білдірді.

«Мен мұнда әр елден келген құрбыларыммен таныстым. Маған сіздердің мәдениетіңіз, тағамдарыңыз және ең бастысы, адамдар өте ұнады. Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Келгеніме өте қуаныштымын», - деді ол. Алехандра сонымен қатар жарысқа қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, тапсырмалар өте күрделі болды. «Егер оңай болғанда мұншалықты қызықты болмас еді. Әйтеуір нөл балл алып қалмағаныма тәубе», - деді Алехандра. Айта кетелік, Алматыдағы информатика пәнінен халықаралық олимпиадаға 84 елден 630-дан астам делегат келген болатын. Олардың 324-і - мектеп оқушылары. Ал ондағы қыз балалардың саны бары-жоғы 11 болды.