Допты хоккей: «Ақжайық» жаңа маусымды жеңілістермен бастады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымды сәтсіз бастады.
None
None

Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, «Ақжайық» Жоғары Уфалейде жергілікті «Никельчиктен» екі мәрте жеңіліс тапты. Алғашқы ойында 0:6 есебімен ойсырай ұтылса, 27 қараша күнгі қарымта кездесуде 2:5 есебімен есе жіберді. Бұл ойында оралдықтардан екінші таймда Еламан Әліпқалиев пен Ескендір Нұғманов доп соғып, мергендік көрсетті. Сырт айдындағы ойындарын жалғастыратын «Ақжайық» енді 29-30 қарашада Екатеринбургте «СКА-Свердловск» командасымен күш сынасады. Өткен жылдағыдай, Дмитрий Иванников бастаған жергілікті мамандар жаттықтыратын «Ақжайық» сапында негізінен оралдық хоккейшілер ойнайды. Биылғы ерекшелік, командаға ресейліктер, қорғаушы Федор Вечтомов пен шабуылшы Сергей Башаев алынған. Айта кетейік, екінші топта аталған үш клубтан басқа «Универсал» (Саратов), «Локомотив» (Орынбор), «Динамо-Маяк» (Краснотурьинск), «Динамо-Қазан-2» (Қазан), «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командалары бар. Олардың қай-қайсысы да осал емес. Жоғары лига командалары арасындағы біріншілік алдағы жылы 28 ақпанда мәреге жетеді.

Соңғы жаңалықтар