07:24, 27 Ақпан 2012 | GMT +5
Допты хоккей: «Ақжайықтың» биылғы маусымдағы соңғы ойынында Е.Нұғманов үш бірдей гол соқты
ОРАЛ. 27 ақпан. ҚазАқпарат - 25 ақпан күні допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында биылғы маусымдағы соңғы матчын өткізді.

Белгілі хоккейші әрі бапкер Александр Ионкин жаттықтыратын оралдықтар «Динамо-Қазан-2» командасын 7:5 есебімен жеңді. Бұл ойында Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ескендір Нұғыманов үш бірдей голдың авторы атанса, Николай Шавалдин, Петр Грибанов, Дмитрий Пономаренко, Роман Хайретдинов бір-бірден доп соқты. Қонақтардан Сергей Мусакаев айдын иелерінің қақпасына төрт доп енгізіп, көзге түсті.
Маусымды жеңіспен аяқтаған «Ақжайық» 23 ұпай жинап, өз тобында бесінші орынға көтерілді. Жиырма ұпайы бар Димитровградтың «Черемшаны» қалған ойынында жеңіске жете алмаса, онда оралдықтар осы орнында қалады.