Допты хоккей: Краснотурьинскіде «Маякты» ұтқан «Ақжайық» бірінші орынға көтерілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында кеше Краснотурьинскіде «Маякпен» қарымта кездесуін өткізді.
None
None

Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұл жолы да матч аса тартысты өрбіді. Бірінші тайм 2:2 есебімен тең аяқталса, ойынның екінші кезеңінде айдын иелері алға шықты. Бірақ қанша қиын болғанмен (бұл жолы да ойыншылары әлсін-әлсін айдыннан қуылған «Ақжайықтың» айып уақыты кешегіден асып түсіп, 75 минутқа жетті), Дмитрий Иванниковтің шәкірттері жеңіске деген күш-жігерлерін таныта білді. Сөйтіп 6:5 есебімен қарсыласын тізе бүктірген оралдық команда маңызды үш ұпайды иеленді. Бұл жолы ресейлік легионер Сергей Башаев қос доптың авторы атанса, тағы бір ресейлік Максим Пьянов, сондай-ақ Орал хоккейінің өз түлектері Ескендір Нұғманов, Павел Чебаков және Еламан Әліпқалиев «Маяктың» кақпасына бір-бірден гол соқты.

Алты ойыннан кейін 12 ұпай жинаған «Ақжайық» өз тобында қайтадан бірінші орынға көтерілсе, төрт кездесуден 9 ұпайды еншілеген «Маяк» екінші сатыда келеді.

Батысқазақстандықтар келесі ойындарын 12-13 желтоқсанда өз айдынында Екатеринбургтің «СКА-Свердловск» командасымен шеберлік байқасады.

Айта кетейік, «Ақжайық» командасы биылғы маусымда екінші топта алдыңғы орындардың бірін иеленіп, финалдық ойындарға шығуды мақсат етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар