13:40, 02 Наурыз 2010 | GMT +5
Допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» финалдық сайыстарға қатысады
ОРАЛ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» бірінші лига командалары арасында Мончегорск қаласында наурыздың 3-9-ында өткізілетін финалдық сайыстарға қатысады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының мәліметіне қарағанда, биыл жолдама алған сегіз команданың тең жартысы ғана күш сынайды. Негізінен қаржылық жағдайға байланысты «Факел», «Знамя-Удмуртия», «Байкал-Энергия-2», «Надежда» командалары финалдық сайыстардан бас тартқан.
«Ақжайық» наурыздың 3-інде Абаканның «Саяны-Хакасия» командасымен күш сынасса, одан кейін өз тобынан жолдама алған Саратовтың «Универсалы» және айдын иелері «Кольская ГМК» клубтарымен таяқ түйістіреді. Командалар екі реттен кездеседі.
Үздік команда Ресей чемпионатының жоғары лигасына жолдама алады. Мамандардың топшылауынша, биыл «Кольская ГМК» командасы мықты.