12:04, 04 Маусым 2009 | GMT +5
«Достық» стансысын және «Достық-Ақтоғай» учаскесін дамытуға 100 млн. доллардан астам инвестиция салынды - Ә. Құсайынов
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазіргі таңда «Достық» стансысын және «Достық-Ақтоғай» учаскесін дамытуға 100 млн. доллардан астам инвестиция салынды.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп өтіп жатқан Теміржол ынтымақтастығы ұйымы министрлер кеңесінің 37-ші сессиясында ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Транзиттік тасымалды дамыту барысында аймақтық қана емес, сондай-ақ құрлықаралық тасымалға да зор маңыз берілуде. Біз үшін Еуропа-Азия және Солтүстік-Оңтүстік бағыттарындағы құрлықаралық тасымалдың маңызы зор. Достық-Алашаңқай шекаралық өткелі арқылы жүк тасымалын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Соңғы 3 жылда аталмыш шекара өткелі арқылы өткен жүк тасымалының көлемі екі еседен астамға өсті. Қазіргі таңда «Достық» стансысын және «Достық-Ақтоғай» учаскесін дамытуға 100 млн. доллардан астам инвестиция салынды», - деді сессияда Ә. Құсайынов. Ә. Құсайынов Қытай бағытына және кері қарай жылына 18 млн. тоннаға дейінгі көлемде жүктерді тасымалдау қамтамасыз етіліп жатқанын атап көрсетті. «Концессиялық негізде Қытаймен екінші шекара өткелін ашуға мүмкіндік беретін Қорғас-Жетіген теміржол учаскесінің құрылысын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Бұл «Қорғас-Достық» стансысының жалпы өткізу қабілетін жылына 35 млн. тонаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді және Оңтүстік Шығыс Азия-Еуроодақ бағытындағы тасымалдау көлемінің ұлғаюына септігін тигізеді», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі транзиттік жүк тасымалы орта есеппен алғанда жыл сайын 14 пайызға өсуде. 2008 жылы транзиттік жүк тасымалының көлемі 15 млн. тоннаны құраған, бұл 2008 жылдағыдан 17 пайызға көп.Ә. Құсайынов халықаралық байланысты дамыту және транзиттік-көліктік әлеуетті жүзеге асыру Қазақстанның 2015 жылға дейінгі Көліктік стратегияның басты басымдығы болып табылатынын атап өтті. «Аталмыш стратегия еліміздің барлық көлік саласын, оның ішінде теміржолды дамыту бағыттарын анықтайды. Басты екпін инфрақұрылымды дамытуға және еліміздің темір жол жүйесін жүк тасымалы нарығындағы халықаралық стандарттарға бейімдеуге бағытталған», - деді ол.