Достық стансысында Қазақстан мен Қытай теміржолдарының тоғысқанына 20 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті

АСТАНА. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Достық стансысында Қазақстан мен Қытай теміржолдарының тоғысқанына 20 жыл толуын атап өтуге арналған салтанатты шара өтті.
None
None

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, шараға Қазақстан мен Қытай теміржолдарының басшылары, көлік ардагерлері, сонымен қатар Алматы облысы әкімдігінің өкілдері, Үрімші теміржолы және Солтүстік Синьцзянь теміржол компаниясының бұрынғы басшылары қатысты.

1990 жылғы қыркүйектің 12-де Қазақстан мен Қытай теміржолының қосылуы экономикалық көрегендік қадам болып, Қазақстан көлік тарихындағы жаңа парағын ашты.

Бүгінгі күні Достық стансысы және Достық - Алашаңқай халықаралық теміржол өткелі Қазақстан арқылы Еуропа мен Азия елдеріне тасымалданатын транзит жүгінің 20 пайызын өңдейді және тасымалдайды. 2009 жылы стансы арқылы тасымалданған жүк көлемі 15,5 млн. тоннаны құрады.

Жиналғандардың алдында сөз сөйлеген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Асхат Акчурин, Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық дәстүрі Ұлы Жібек жолынан бастау алатындығын атап өтті.

Осы уақыт аралығында екі елдің шекарасы бойымен барлық қажетті инфрақұрылымы бар заманауи Достық және Алашаңқай стансылары салынып, Астана - Үрімші мен Алматы - Үрімші тұрақты жолаушылар пойызы қатынасы тұрақталды.

Мерекелік шара аясында қонақтар өндірістік нысандарды, жаңа мұражайды аралап, концерттік бағдарламаны тамашалады. Сондай-ақ, стансы тұрғындары мен қызметкерлері үшін спорт жарыстары, балалар үшін ойындар ұйымдастырылды.

Еске салайық, Достық стансысы кластан тыс, жүк жіберуге арналған шекаралық өткел. Онда жүктерді түсіріп тиеумен қатар, оны сұрыптау жұмысы да атқарылады.Стансыда 12 тарамды жолы бар сұрыптау дөңесі арқылы тәулігіне 2500 вагоннан тұратын пойыздарды жасақтап, тарату, сұрыптау жұмыстарын өткізеді.

Достық стансысы және Ақтоғай-Достық темір жол телімін 2008-2011 жылдары дамыту туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президентінің бұйрығымен стансының өңдеу жұмысын өсіру шараларының жоспары бекітілген. Оның ішінде электрмен қамту орталығын жаңғырту, екі бірдей жолтабандарында қосымша қабылдау-жөнелту паркі құрылысын жүргізу, жүк ауыстыру қосымша орынын жасау, Қытайдан келетін жұмысшыларға арнап әкімшілік және тұрмыстық корпусын тұрғызу және басқа да шаралар бар.

Бұл шаралардың барлығы негізінен орындалды. Жақында стансыда Қытайдан қазіргі заманғы талаптарға сай 15 маневрлік локомотив жеткізілді.

Қазақстанға транзиттік ел ретінде Еуропа мен Азия мемлекеттерінің қызығушылығының артуына байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ Үкіметтің қолдауымен 2008-2012 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама әзірледі. Онда Достық стансысын одан әрі дамыту туралы мәселе қарастырылған.

Стансыны дамыту барысында әлеуметтік жетілуіне де зор маңыз беріліп отыр. 2010 жылы Достық стансысында үш қабатты сегіз жайлы үйлерден тұратын мөлтекаудан құрылысы аяқталып, 216 тұрғынға Ұлттық компания президенті Асқар Мамин пәтерлердің кілтін табыстады. Стансы тұрғындарына ауа райының қолайсыздығына және еңбек жағдайының ауырлығына байланысты материалдық өтемақы беріліп тұрады.

Соңғы жаңалықтар