ДСҰ аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдауды арттыруға мүмкіндігі бар - Ж. Айтжанова

АСТАНА. ҚазАқпарат - ДСҰ аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдауды бірнеше есеге арттыруға мүмкіндіктері бар.
None
None

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова осылай мәлімдеді. Еске салайық, Сенат отырысында «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылданды.

«Елбасы Н. Назарбаев ДСҰ аясындағы келіссөздерде Үкіметтің алдына ауыл шаруашылығы саласының мүдделерін толығымен қорғап шығуды тапсырған болатын. Келіссөздердің ұзаққа созылып кетуінің бір себебі де осы. Қазақстан халқының қырық пайызы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, олардың табысы да аграрлық секторды дамытуға тікелей байланысты. Осы тұрғыдан айта кетерлігі, біз ауыл шаруашылығын қолдауды ІЖӨ 8,5 пайызына дейін болатындай қорғап шықтық. Тәжікстанды қоспағанда ТМД елдерінде ауыл шаруашылығын қолдау бес пайыз. Қазіргі таңда біз де шамамен бес пайыздық субсидияны жасап отырмыз. Бұл біздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын бәсекеге қабілетті етіп отыр», - деді Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова. Министрдің айтуынша, ДСҰ аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдауды бірнеше есеге арттыруға мүмкіндіктері баршылық.

«Бұл, әрине, бюджеттің мүмкіндіктеріне орай жүзеге асатын болады. Тұтастай алғанда, біз өз мүдделерімізді толықтай қорғап қалдық. Сонымен бір мезгілде, біз ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, ондай субсидияларды қайта жіктеуді қолға алмақпыз. Бұл ретте субсидияның бір бөлігі «жасыл себетке» аударылса, ауылдағы инфрақұрылымды қолдау, ауыл шаруашылығы саласын зерттеу бойынша субсидиялары ешқандай да қысқартуға жатпайды. Сол үшін біз фермерлерге тікелей баратын қолдау формаларының теңгерімділігін қамтамасыз етіп, ауылдағы инфрақұрылымды жақсартуды жүйелендіре түсетін боламыз», - деді Ж. Айтжанова.

Соңғы жаңалықтар