ДСҰ-ға енген соң Қазақстанның телекоммуникация секторы шетелдік инвестицияға қол жетімді болады - Ж. Айтжанова
Оның айтуынша, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына енген соң, 2,5 жылдан соң елімізде қалааралық және халықаралық байланыс қызметін көрсететін заңды тұлғалардың жарғылық капиталына шетелдік капиталдың қатысуына қатысты 49 пайыздық шектеу алынып тасталады.
«Бұл шектеу тек «Қазтелеком» акционерлік қоғамында ғана сақталатын болады. Ал қалған компанияларға қатысты шектеулер алынып тасталады. Қазіргі таңда бұл салада 10 байланыс операторы жұмыс істеп жатыр. Демек, Қазақстанның телекоммуникациясы секторына шет елдік инвестиция үшін даңғыл жол ашылған соң, бұл салада тарифтер төмендейді. Сәйкесінше, кейбір тауарлардың да бағасы арзандайды. Өйткені, телекоммуникациялық байланыс тарифтері отандық компаниялардың өндірістік шығынына кіреді», - деді Ж. Айтжанова.
Айта кетелік, АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) ұйымдастыруымен өтіп жатқан форум екі күнге созылады. Оған 20 елдің 600-ден астам өкілдері қатысуда. Осы аралықта әр түрлі іскерлік кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Форум аясында кәсіпкерлер арасында сауда-саттық келісім-шарттарға қол қойылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, бүгін форум аясында Орталық Азия елдерінде өндірілетін тауарлар бойынша көрме ашылды.
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне байланысты осы ұйымның нормаларына сәйкес, өзіне жүктелген міндеттемелерді орындай бастайды.