ДСҰ-ға қосылу - жаһандық экономикаға қосылу

Еуропадағы ең бай елдердің бірі
Швейцария - Батыс Еуропадағы ең бейбітсүйгіш елдердің бірі. Соның нәтижесінде ол әлемдегі ең бай елге айналып отыр. Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, мұнда жан басына келетін ішкі жалпы өнім көлемі жылына 70 мың доллардан асып жығылады. Осындай бейбітсүйгіштік қасиетінің арқасында 8 миллионға жуық қана халқы бар елде күллі әлемнің қаржысы шоғырланған деуге болады. Швейцария банктерінің осы қаржыны сақтауымен аты шығып отыр. Өз тәуелсіздігіне ие болған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстан да адамзатқа ТМД кеңістігіндегі ең бейбітсүйгіш ел ретінде танылып үлгірді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық сынақтар жүргізетін Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуы күллі әлемге көрсетілген үлгі екенін Вашингтонда өткен бірінші антиядролық жаһандық саммит кезінде АҚШ президенті Барак Обаманың өзі атап көрсеткен болатын. Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізетін елге айналуы, ЕҚЫҰ-ға төрелік етуі біздің бейбітсүйгіш саясатымыздың жарқын көрінісі. Қазір соның жемісін көріп келеміз. Демек, байлықтың берекелі елге, кикілжің, дау-жанжалдардан ада жерге ғана тоқтайтындығы шындық екендігіне Женевада болғанымызда тағы көз жеткіздік. Елдегі ұзақ жылғы тыныштық пен бейбітшілік нәтижесінде Женевада көптеген халықаралық ұйымдардың орталық кеңселері мен трансұлттық корпорациялардың штаб-пәтерлері орналасқан. Халықаралық еңбек ұйымының, Халықаралық Қызыл Крестің, Дүниежүзілік метеорология ұйымының, Дүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, БҰҰ Еуропа бөлімшесінің және басқа да толып жатқан ұйымдар мен халықаралық компаниялардың бас кеңселері осында шоғырланғандықтан қала қаржы қызметінің байырғы әрі маңызды орталығы болып саналады.
Бейбітшіліктің құтты қадамы
Дүниежүзілік сауда ұйымы 1995 жылдың 1 қаңтарында, осыған дейін болған және 50 жыл әрекет еткен Тарифтер және сауда жөніндегі бас келісімнің (ТСБК) жалғасы ретінде өмірге келді. Бірақ бұрынғыға қарағанда бір үлкен ерекшелігі, ол енді халықаралық ұйым ретінде заңды мәртебеге ие болды. Сонымен қатар, бұрынғыға қарағанда үлкейіп, кеңейе түсті. Адамзат қауымына тигізетін әсері де ұлғайды. Енді оған, міне, Қазақстанымыз да қосылды. Осы мәселеге көптеген дайындықтар жасалған соң, кейбіреулердің сары уайымға салынып айтқанындай, Дүниежүзілік сауда ұйымынан қорқып қажеті жоқ. ДСҰ ережелері дамушы елдер үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырады. Қазіргі күні оған мүше дамушы елдер дамыған елдермен салыстырғанда өз нарықтарын қорғаудың неғұрлым жоғары кедендік-тарифтік қорғау құралдарына ие болып табылады. Жалпы, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы қажеттілік екенін дәлелдейтін мысалдар мен факторлар жетіп артылады. Өйткені, қазіргі күні күллі әлемде бірігу үдерістері жүріп жатыр. Әлемдегі алып елдер болсын, шағын елдер болсын немесе дамыған елдер мен дамушы елдер болсын экономикалық одақтарға интеграциялану үстінде. Себебі, көптеген халықтар экономикалық тұрғыдан түрлі одақтарға бірігуді жалпыадамзаттық жаһандануға қолайлы түрде кірігудің үлкен жолы деп есептейді. Бұл ретте мына ел мықты ел, мына ел әлсіз ел, бұл екеуі біріккенде бірін бірі жеп қояды, яғни әлсізді мықты алып жейді деген сарыуайымшылдыққа салыну жоқ. Сарыуайымшылдыққа салыну дегеніміз - уақыт жағынан ұтылу деген сөз. Ғылыми-техникалық прогресс барынша жедел дамып, технологиялық үдерістер кең жайылып отырған қазіргі кезеңде әрбір ай, әрбір күннің өзі алтынға айналып барады. Уақытын тиімді пайдаланған ел ұтады, уақытын тиімді пайдалана алмаған ел ұтылып, құлдыраудың құрығына ілігеді. Бұл - бүгінгі заманның басты шындықтарының бірі. Осы ретте уақыт жағынан ұтылған елдерде дау мен жанжалдың көп болатынын, осының өзі елді етектен тартып, бүлінушілік пен бөлінушілікке алып келетінін көріп отырмыз. Демек, бейбіт күннің әр сәтін қадірлей білген, қадірлеп қана қоймай, оны ұтымды істерге пайдалана білген абзал.
Экспорттаушы елдің бағы жанады
Енді әлемдік сауданы алға жылжытушы тауарлар мен қызметтер экспорты мәселесіне қайта келейік. 1950-1998 жылдар аралығында әлемдік экспорт көлемі 16 есе өскен. Батыстық мамандардың бағалауы бойынша, 1950-1970 жылдар аралығындағы кезең халықаралық сауда дамуының «алтын ғасыры» болып табылады. 70-ші жылдары әлемдік экспорт 5 пайызға дейін төмендесе, 80-ші жылдары одан да қысқара түскен. 80-ші жылдардың соңында қайта көтерілген. XX ғасырдың екінші жартысынан бастап сыртқы сауда динамикасында теңгерімсіздік пайда болды. Осының ықпалымен 90-шы жылдары Батыс Еуропа халықаралық сауданың басты орталығына айналды. Оның экспорты АҚШ экспортынан 4 есе асып түсті. 80-ші жылдардың соңында Жапония бәсекелестікке қабілеттілік жөнінен көшбасшылар қатарына шыға бастады. Осы кезеңде оған Азияның «жаңа индустриялы елдері» Сингапур, Гонконг, Тайвань қосылды. Алайда 90-шы жылдардың ортасына таман АҚШ бәсекелестікке қабілеттілік жөнінде әлемдегі жетекші орынға қайта шықты. 2007-2008 жылдарғы дағдарысқа дейін әлемдік сауда көлемі орта есеппен алғанда жылма-жыл 6 пайызға өсіп отырды. Бұл үдеріс 1990-2000 жылдар аралығында жүзеге асты. Дүниежүзілік сауда ұйымының деректері бойынша, әлемдегі тауарлар мен қызметтер экспортының көлемі 2007 жылы 16 триллион долларды құрады. Оның 80 пайызы тауарлардың, 20 пайызы қызметтердің үлесіне тиді. Ал 2012 жылға таман тауарлар мен шикізаттар саудасының жылдық айналымы 20 триллион долларға жуықтады. 2010 жылы қайтадан жеделдетіп қалпына келген тауарлар мен қызметтердің әлемдік саудасының өсу қарқыны 2011 жылы 5 пайызға, ал 2012 жылы 2 пайызға дейін төмендеді. Қазіргі уақытта халықаралық сауда елдердің, өңірлердің, бүкіл әлемдік қоғамдастықтың шаруашылық тұрғыдағы дамуында өте маңызды рөлге ие болып отыр. Мұны мынадай бірқатар факторлар арқылы байқауға болады. Біріншіден, сыртқы сауда әрбір ел, тіпті, біз жоғарыда айтып кеткендей, оның субъектісіне айналып отырған жеке азаматтар үшін де экономикалық өсу көрсеткіштеріне қол жеткізудің қуатты құралына айналды. Екіншіден, елдердің халықаралық сауда айналымына тәуелділігі барынша күшейе түсті. Үшіншіден, халықаралық сауда рөлінің былайша өсуіне еңбектің халықаралық бөлінісінің күшеюі үлкен ықпал етуде. Қазіргі уақытта әрбір ел өзіне қажетті барлық тауарларды өз ішінде шығарып жатпайтын болды. Оны басқа елдерден сатып алуды әдетке айналдырып келеді. Оның есесіне өзі арзанырақ бағамен сапалы етіп шығара алатын тауарлар немесе шикізаттар өндірісімен көбірек шұғылданады. Ол өнімдерді халықаралық нарықтарға шығару арқылы пайда қаратады. Мәселен, біздің Қазақстанымыз мұнай мен уран, түрлі металдар, бидай өндіруде қазіргі уақытта халықаралық сауданы жүргізуші және аталған өнімдерді тұтынушы шетелдік ірі компанияларға жақсы мәлім болып отыр. Сөйтіп, қазіргі уақытта Қазақстан дегенде осы өнімдердің аттары қатар аталып жүр. Оның есесіне, Қазақстан шетелдерден тұрмысқа қажетті көптеген электртехникалық құралдарды және басқа да заттарды сатып алып жүр. Халықаралық сауданың дамуына ықпал етіп отырған негізгі факторлар қатарында қазіргі жүріп жатқан ғылыми-техникалық революцияның соңғы толқындарының әсерін, сондай-ақ, трансұлттық корпорациялардың қызметін де қосуға болады. Трансұлттық корпорациялар, бір сөзбен айтқанда, халықаралық сауданы алға жылжытушылар. Өйткені, олар әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істейді. Өздері жұмыс істейтін елдерге екінші бір елдердің тауарлары мен технологиялық құрал-жабдықтарын және жұмыс күштерін, сонымен қатар, білікті мамандарын алып келеді. Осылайша ел мен елдің арасын жалғастырып, сапырылыстыра түсуде.
Барыстың секіруі
Постиндустриялық қоғамды зерттеу орталығының директоры, белгілі экономист Владислав Иноземцев өзінің таяуда ғана БРИКС және ШЫҰ саммиттерінің қорытындысына сәйкес жазған мақаласында Қазақстан мен Ресейде жүргізілген экономикалық реформалар нәтижелерін салыстыра отырып, Қазақстанның халықаралық сауда нарықтарындағы қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға берді. «Ресей секілді Қазақстан да шикізат экономикасының елі. Бірақ бір айырмашылығы, Ресей «шикізат инесінен кету» туралы тақырыпты ұзақ талқылап жатқанда, Қазақстан өзінің осы саласын дамытып алуға барынша екпін беріп, нәтижесінде жақсы табысқа қол жеткізіп те үлгерді. Мәселен, Қазақстан 2014 жылы 1990 жылмен салыстырғанда түсті металдарды 2,4 есе, газды 3 есе, мұнайды 3,3 есе, уранды 15 есе көп өндірді. Ал осы жылдардың ішінде Ресейдегі мұнай өндіру көлемінің өсуі бар болғаны 3,5 пайызды ғана құраса, газ өндіру көрсеткіші, керісінше, 2,1 пайызға азайып кетті. Бүгінгі күні Қазақстанда халықаралық бизнестің қатысуымен құрылған жеке компаниялар мұнайдың 60,2 пайызын, уранның 53,2 пайызын өндіруде. Елде жинақталған шетелдік инвестициялардың көлемі 2015 жылдың 1 қаңтарында 141,6 миллиард долларды немесе ішкі жалпы өнімнің 63 пайызын құрады. Ал Ресей осы аралықта өз ішкі жалпы өнімінің 29 пайызына тең келетіндей ғана шетелдік инвестицияларды тарта алды», деп жазды ресейлік экономист. Владислав Иноземцев Қазақстан билігінің реформаны бастаған сәттен елдің даму стратегиясын бірден айқындағандығын, назарға сандық өсуді ғана емес, сонымен қатар, сапалық өсуді де алғандығын жазады. «Біздің Ресейдегідей Батысқа өкпелеп, кінә тағудың орнына Қазақстан билігі елдің экономикалық деңгейін жаһандық индекс көрсеткіштері бойынша жоғары көтеру керек, ол үшін мемлекеттік биліктің сапасы мен транспаренттілігін арттыру, шешімдерді қабылдау мен орындаудың тетіктерін жеңілдету, басқарудың жобалық қағидаттарын дамыту керек деп есептеп, үдеріске ғана мән бермей, басты назарды істің нәтижелілігіне аударуда. Қорытындысында Қазақстан Бәсекелестіктің жаһандық индексі бойынша бес жылда он алты орынға алға басып, 2014 жылы 50-ші орынға шықты. Тек 2013-2014 жылдардың өзінде ғана Қазақстанда 3300 шақырым автокөлік жолдары, 1400 шақырым теміржол салынды. Ал Ресейде осы кезеңде 1100 автокөлік жолдары мен 170 шақырым ғана теміржол салынды», дейді ол. Мәселе бұл жерде ресейлік экономистің өз елімен салыстыра отырып, Қазақстан табыстарын ашып көрсеткенінде ғана емес, сонымен қатар, бұлтартпас дәлелді фактілерді келтіруінде болып отыр. Ал бұл фактілер, екінші жақтан алғанда, елдің халықаралық деңгейде жұмыс істеуінің, халықаралық бизнеспен қоян-қолтық әрекет етуінің қаншалықты пайдалы екендігін көрсетеді. Сондықтан біз Иноземцевтің назар аударуға әбден лайық жаңа бағалаулары мен пікірлерін Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына ресми қабылдануы өтіп жатқан осынау ұлы дүбірлі оқиғаның ізін қуалай Женевадан жолданып отырған мақаламызда келтіре кеткенді жөн көрдік.
ДСҰ-ға қосылу - жаһандық экономикаға қосылу
Кеше Дүниежүзілік сауда ұйымының ғимаратында осы Ұйымның елдерді мүшелікке қабылдау жөніндегі департаментінің директоры Чиеду Осакве қазақстандық журналистермен кездесіп, шағын баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Чиеду Осакве бұл күнді Қазақстан үшін өте маңызды күн деп атады. Оның айтуынша, кез келген елдің ДСҰ-ға мүше болып енуі оның экономикасына үлкен өзгерістер әкелуі тиіс. «Биылғы жыл - ДСҰ үшін де маңызды жыл. Өйткені, осы жылы біздің Ұйымның құрылғанына жиырма жыл болмақ. ДСҰ осы аралықта, яғни 1995-2015 жылдар аралығында әлемнің 33 елін өз қатарына мүшелікке қабылдаса, енді, міне, 34-ші болып Қазақстан қабылданғалы отыр. Осы жөніндегі келіссөздер үдерісін жүргізу барысында Қазақстан Президенті бұл мәселеге үлкен мән беріп, икемділік пен дипломатиялық шеберлік танытты. Келіссөздердің әрбір сәтін қадағалап отырды. Бұл - дұрыс саясат. Өйткені, ДСҰ-ға қосылу дегеніміз - жаһандық экономикаға қосылу деген сөз. Сондықтан осынау ел экономикасы үшін тарихи сәтте ештеңені мүлт жіберуге болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, сіздердің Президенттеріңізді алысты болжайтын көреген адам деуге болады. Менің бұлай дейтін себебім, осының алдында ғана сіздердің елдеріңіз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қабылдады. Мұнда, ДСҰ-ға мүшелік жағдайында елді алға жылжыту әбден ескерілген. Қазақстанның жаһандық экономика жағдайында жұмыс істеу тәртіптері, бәсекелестікке қабілетті болу мәселесі айқындалған. Мұның өзі елдің өз ішкі жағдайында да тас түйін әзірліктерді жүзеге асырып жатқандығын білдіреді. Жалпы, Қазақстанның ДСҰ-ға қосылу мәселесінде үлкен проблемалар болған жоқ. Проблемалар болса, ол саяси тұрғыдан емес, техникалық тұрғыдан болды. Көптеген заңдарға өзгерістер енгізу қажет болды. Қазіргі күнге дейін елдің 350 заңы қайта қаралып, өзгерістер енгізілді. Енді 50-ге жуық заң қайта қаралуы керек. Сондықтан бұл жұмысты жеңіл деп айтуға келмейді. Заңдарға өзгерістер енгізілу себебінің бірі сіздерде сырттан енетін тауарларға кедендік салық тарифтері жоғары болды. Біз Қазақстанның ДСҰ-ға енуін қуанышпен қабылдаймыз. Өйткені, Қазақстан - қазіргі уақытта Орталық Азиядағы өте ықпалды ел. Оның Батыс пен Шығыстың арасында орналасуының өзі дүниежүзілік сауданың дамуына жағымды ықпал етеді. Сондықтан мен бұл жерде «Қазақстан ДСҰ-ға қосылу арқылы болашақ үшін үлкен қадам жасады және осы қадамы арқылы ол ДСҰ-ны да қуатты ете түсетін болды» дер едім. Енді ДСҰ-ға қосылу арқылы қазақстандық кәсіпкерлер де жаһандық экономика жағдайында жұмыс істей бастайды. Оларға енді өздерін жарыс жолындағы спортшылардай сезінуге тура келеді. Өйткені, жаһандық экономикада бәсекелестік күшті. Бұл, әрине, тек кәсіпкерлерге ғана қатысты емес. Кез келген үкімет, халық бәсекеге қабілетті болуы керек. Осы жолда мен сіздердің елдеріңізге үлкен табыстар тілеймін. Қазақстан өзінің қазіргі даму қарқынымен осындай биіктен көрінеді деп сенемін. Сіздер әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылуды мақсат етіп отырсыздар. Осы мақсатқа ДСҰ-ға қосылу арқылы қол жеткізесіздер», - деді. Дүниежүзілік сауда ұйымының штатында 640 адам жұмыс істейді екен. Оның орталық кеңседен оңаша тұрған негізгі шешімдерді қабылдайтын үлкен залына кіргенімізде, қатар-қатар тізілген үстелдерді жағалай 161 орындық қойылғандығын байқадық. Мұнда ұйымға мүше 161 елдің өкілдері отырып, қабылдайтын шешімдерге байланысты дауыстарын осы арадан береді екен. Бразилия экономисі, осының алдында біраз жыл бойы Бразилияның ДСҰ-дағы тұрақты өкілі болып қызмет істеген Роберто Карвалью ди Азеведо 2013 жылдың мамыр айынан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры қызметіне сайланыпты. Жоғарыда сөз болып отырған маңызды шараға қатысу үшін Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтеріне келген Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Ұйымның Бас директоры Роберто Азеведомен кездесті. Тараптар кездесу барысында Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы жөніндегі келіссөздердің сәтті аяқталғаны туралы пікірлер алмасты. Сондай-ақ, біздің еліміздің Ұйымға қосылуы жөніндегі құжаттар топтамасын ратификациялауға қажетті ішкі рәсімдерге қатысты мәселелер де қозғалды. Елбасы «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімдік даму стратегиясындағы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру, сондай-ақ, сыртқы сауданы одан әрі дамыту, шетелдік инвесторлармен іс-қимылдарды кеңейту тұрғысында республикамыздың ДСҰ-ға қосылуының маңыздылығын атап көрсетті.
Бас кеңес берген баға
Мұнан кейін ДСҰ Бас кеңесінің отырысы басталды. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша Жұмыс тобының төрағасы, Финляндия елшісі Веса Химанен өз сөзінде келіссөздер барысында Қазақстанның 50-ден астам жаңа заң қабылдап, Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында қабылданған 10-нан астам халықаралық келісімдерге түзету енгізгендігін атап көрсетті. «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен заңдар жөніндегі алға жылжушылық және Қазақстанның ЕАЭО бойынша әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істеуі соңғы жылдары біздің жұмысымызды айтарлықтай жылдамдатты. Қазақстанның құжаттар топтамасы - бұл жоғары сапалы құжаттар топтамасы», - деді өз сөзінде В.Химанен. ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанның аталған Ұйымға кіру жөнінде келіссөздер үдерісі барысында Президент Назарбаевтың көшбасшылық қырлары айқын көрінгендігін айтып, жоғары баға берді. Бұл - Қазақстан үшін де, ДСҰ үшін де шынымен тарихи күн. Ұйымға кірудің артықшылықтары - жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсарту. Қазақстан үшін бұл сіздердің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріңіз бен жұмсаған күш-жігерлеріңіздің мойындалуы. Бұл - реформалардың кешенді бағдарламасының қисынды нәтижесі, Қазақстанның бизнес үшін ашық екені туралы бүкіл әлемге жолдауы. Бұл күн ДСҰ үшін де айшықты болып табылады. Қазақстанның қосылуы біздің пікірталастарымызға қуатты әрі беделді үн қосады, Ұйымды Орталық Азияның жүрегіне жақындатады, - деп атап өтті Р. Азеведо. Отырыста Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы өзінің сөзінде ДСҰ-ға мүше барлық елдерге, Ұйым хатшылығына келіссөздер барысындағы сындарлы ұстанымдары мен қолдауы үшін, сондай-ақ, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі жұмыс тобындағы төрағалықты қолдағаны үшін Финляндия Үкіметіне алғысын білдірді. Елбасы Қазақстан үшін бұл оқиғаның тарихи мәні зор екенін айтты. Келіссөздерді жүргізген он тоғыз жыл уақыттың ішінде Қазақстан экономикасының елеулі өзгеріске түскендігін жеткізді. Біріншіден, ол қуатты да ашық бола түсті. ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 18 есе өсіп, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жетті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард долларды құрады. Сыртқы сауда айналымының 90 пайыздан астамы ДСҰ қатарындағы елдермен жасалады. Сауда қатынасының географиясы да әлдеқайда кеңейе түсті. «Егер тоқсаныншы жылдардың ортасында Қазақстан тек посткеңестік елдермен ғана сауда қатынасын жасаса, бүгінгі күні біз әлемнің 185 елімен сауда жасаймыз. Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі экономикалық әріптесі болып табылады. Біздің саудамыздың 40 пайыздан астамы соның үлесіне тиеді. Ресей, Қытай, АҚШ, Канада және басқа да бірқатар елдер Қазақстанның сауда айналымына едәуір үлес қосуда», - деп атап көрсетті Қазақстан Президенті. Екіншіден, Қазақстан экономикасының құрылымы да үлкен өзгерістерге түсті. Бүгінгі күні еліміздің ішкі жалпы өнімінің 54 пайызын қызмет көрсету саласы қамтамасыз етіп отыр. Бұлар қаржы, телекоммуникация, құрылыс, энергетика, көлік салалары. «ДСҰ аясында қаржы қызметін ырықтандыру «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру үдерісімен бір мезгілде қабаттаса жүргізіледі. Ол Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының негізіне айналады, мұнан кейін бүкіл өңірдің қаржы хабы болады деп есептейміз. Қазақстан барлық елдерді осы жобаға қатысуға шақырады. ДСҰ аясында ырықтандырылып, қолжетімді бола түсетін жоғары табысты саланың бірі - телекоммуникация. Біз шетелдік инвесторларды осы нарыққа шақырамыз. Олардың жұмысы қызметтің бағасын төмендетіп, сапасын арттыра түсуге ықпал етеді деп үміттенеміз», - деген Елбасы Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекет екендігін жеткізді. Сондықтан елге көліктік инфрақұрылымдар мен көліктік-логистикалық қызметтерді дамыту өмірлік маңызға ие болып отыр. «Біз жаһандық коммуникациялардың бір бөлігіне айналу үшін жұмыс істеудеміз. Осы мақсатта біз аса ірі нарықтарды жалғайтын стратегиялық көліктік дәліздерді қалыптастырудамыз. Соның бірі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автокөлік жолының құрылысы. Оның жалпы ұзындығы 8 мың шақырымды құрайды. Оның 2800 шақырымы Қазақстан аумағынан өтеді. Бүгінгі күннің өзінде осы бағыттағы транзиттік жүк тасымалының көлемі 2 еседен астамға өсті», - деді Елбасы. Қазақстан басшысы өткен жылы «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты қабылданғанын айтып өтті. Ол қазіргі заманғы көлік және энергетикалық инфрақұрылымдарды қалыптастыруға арналған. Осының негізінде 7 мың шақырымдық автожол қайта жаңғыртылатын болады. «2019 жылға таман біз ірі қалалар арасындағы жолға кететін уақытты үштен біріне қысқартуды ұйғарып отырмын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда. Үшіншіден, Қазақстан инвестициялық әлеуетін едәуір нығайтты. Соңғы 10 жылда ел экономикасына 200 миллиард доллардан астам шетелдік инвестициялар тартылды. Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Корея Республикасы елдің ірі инвесторларына айналды. Инвестициялық ахуалды жақсарта отырып, экономиканы әртараптандыруға басымдық берілуде. Инвестициялардың тек мұнай мен газ, тау-кен секторларына ғана емес, сонымен қатар, экономиканың өңдеу салаларына келуіне барлық жағдай жасалған. Басымдық берілген салалардағы инвесторлар 10 жылға корпоративтік табыс салығын және жер салығын, 8 жылға мүлік салығын төлеуден босатылды. Нысандар іске қосылғаннан кейін мемлекет жұмсалған күрделі шығындардың 30 пайызын өтеп беруге әзір. Инвесторлар ешқандай бір квота мен рұқсаттарсыз шетелдік жұмыс күштерін тарта алады. Мұның сыртында қатарында АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Малайзия, Нидерланд, БАӘ, Оңтүстік Корея, Жапония, Австралия, Бельгия, Швейцария, Швеция секілді әлемнің дамыған елдері бар 20 елдің инвесторларына визасыз режім бекітіліп отыр. «Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық. Біздің посткеңестік кеңістікте бірінші болып ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына ие болуымыз осыны дәлелдей түседі. Оның «Болашақтың энергиясы» тақырыбы энергетикалық ресурстарды үнемді пайдалану проблемасының адамзат үшін неғұрлым өткір сипатқа ие болғандығын білдіреді. Халықаралық қоғамдастық үшін «жасыл» экономика және орнықты даму қағидаттарына көшу - баламасыз таңдау. Осыған байланысты ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудің әлем үшін маңызы зор. Бүгінгі күні ондаған мемлекет көрме аясындағы жұмысқа өз ықыластарын білдірді. Осы өтіп жатқан оқиға жағдайын пайдалана отырып, сіздердің елдеріңізді Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырамын», - деді Қазақстан Президенті. Мұнан әрі Елбасы Қазақстан экономикасын жаһандық нарыққа интеграциялау бойынша үлкен жолды басып өткенімізді және мұнымен тоқталып қалмайтынымызды айтты. Қазақстанның 5 кең ауқымды институттық реформаны жүзеге асыруға кіріскендігін мәлімдеді. «Бұл реформалар қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды, заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, экономиканы әртараптандыруды, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруды, мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін арттыруды көздейді. Осы барлық реформа бойынша нақты қадамдар белгіленген. Мұнда сыртқы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдары қарастырылған. Реформаларды тиімді жүзеге асыру сапалық жаңа институттық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Президент. «Біздің келесі қадамымыз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен белсенді түрдегі өзара іс-қимыл әрекеттестігі болып табылады, - деп жалғады сөзін Елбасы. Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы ынтымақтастық бірінші кезекте Елдік бағдарлама аясында басталды. Қазақстанның осы бағыттағы күш-жігеріне сіздердің елдеріңіз қолдау білдіреді деп үміттенемін». Осылай деген Елбасы Қазақстанның таяудағы уақыттары ДСҰ нормалары бойынша жұмыс істей бастайтынын атап өтті. Өңірлік интеграцияның локомотиві бола, ашық қарым-қатынас жасаудың қағидаттарын алға жылжыта, осы реттегі кедергілерді жоя отырып, Қазақстанның өзінің экономикалық саясатын ДСҰ рухында бұрыннан-ақ жүргізіп келгендігін айтты. Осы жылдардың ішінде бірлесіп жүргізілген жұмыстар үшін алғысын білдіріп, ұйым жұмысына табыс тіледі. Отырыс қорытындысында мүше елдер өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның ДСҰ-ға қабылданғандығы туралы хаттама әзірленді. Оны енді Парламентіміз ратификациялауы керек. Сол кезден бастап біз ДСҰ-ның толыққанды мүшесіне айналамыз. Әрине, көрінген таудың алыстығы жоқ. Оның үстіне, ДСҰ өзі тарапынан бізді мүшелікке қабылдады. Енді қалғаны Қазақстанның өзінің ішкі рәсімдік мәселелері. Сондықтан бұл сәтті шынайы тарихи сәт деп айтатынымыз айқын. Осы күні Елбасы БҰҰ Женева бөлімшесінде болып, оның жұмысымен танысты. БҰҰ Женева бөлімшесі осы Ұйым жүйесіндегі маңызы жөнінен екінші офис болып табылады және 20 халықаралық ұйымның қызметін үйлестіреді. Сондай ақ, Қазақстан Президенті Ұлттар сарайында және онда орналасқан «Қазақстан» залында болды. Елбасы шешіміне сәйкес 2013 жылы ашылған бұл зал бүгінгі күні БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінің неғұрлым техникалық жабдықталған орынжайы болып табылады, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.