Дубайда Astana EXPO-2017 көрмесіне арналған флеш-моб өтті
Қазақстандық жастардың бастамасы ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, «ЭКСПО-2017» комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарымен тұспа-тұс келді.
Дубайда «ЭКСПО-2017» комиссары «Воллонгонк» университетінде оқып жүрген қазақстандық студенттермен кездесті және оларды астаналық көрмені шетелде ілгері жылжытуға белсене қатысуға шақырды. Кездесуден кейін қазақстандық студенттер «ЭКСПО-2017» көрмесін қолдап, флеш-моб өткізді.
Әбу-Даби мен Дубай Таяу Шығыстағы ірі туристік орталықтар екенін ескере отырып, Қазақстан елшілігі астаналық көрмені кеңінен таратуға өз үлесін қосуға ұйғарды. ҚР-ның БАӘ-дегі елшісі Қайрат Лама Шариф дипломатиялық өкілдіктің қызметтік автомобильдерінің бірі Astana EXPO-2017 логотипімен безендірілгені туралы әлеуметтік желілер арқылы хабарлады.
Еске сала кетейік, отандық авиатасымалдаушы «Эйр Астана» да компания авиапаркінің барлық 30 ұшағына көрме логотипін салды.