Дүниежүзілік ауқымда да біз бір-бірімізбен үлкен серіктестікпен, түсіністікпен жұмыс істейтін елдерміз - Н.Назарбаев
Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымының тең жартысы Қазақстанның үлесіне келетіндігін атап өткен Мемлекет басшысы осыған орай аталған елді біздің сенімді серіктесіміз деп тануға болатындығын жеткізді. Сонымен қатар 2009 жылғы қаңтардағы Үндістанға жасаған сапары кезінде стратегиялық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған құжатқа қол қойғандықтарын айта келе: «Қазіргі кездесуде сол құжаттың орындалу барысына біз өте үлкен көңіл бөлдік», - деді.
Сондай-ақ Н.Назарбаев бүгінгі кездесулер барысында азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуге, атом қуатын бейбіт пайдалануға, мұнай-газ саласындағы қарым-қатынасты нығайтуға, екі ел арасында мәдениет күндерін өткізуге, индустриялық-инновациялық бағдарламаға Үндістанның іскер тобын тартуға, жаңа технологиялар тәжірибесін алмасуға, Қазақстанда мата тоқу, жол салу саларына бағытталған құжаттарға қол қойылғандығын айтты. Елімізде мұнай өңдеу, ауыл шаруашылығы заттарын шығару, фармацевтика саласын дамытуда көптеген жұмыстардың атқарылып жатқандығына назар аударды.
«Мәселен, Үндістан тарапынан үлкен фармацевтика фабрикасы қазір Алматы облысында салынып жатыр. Осының барлығы одан әрі үдейтін болады. Дүниежүзілік ауқымда да біз бір-бірімізбен үлкен серіктестікпен, түсіністікпен жұмыс істейтін елміз», - деді Н.Назарбаев.
Елбасының пайымынша, қазіргі уақытта Үндістан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас әлі күнге дейін біршама төмен болып отыр. Ал Үндістан Премьер-Министрінің бұл жолғы ресми сапары оның жандануына мол септігін тигізеді. «Бірінші проблема - жол мәселесі. Егер де біз Түрікменстан, Иран арқылы қазір салынып жатқан теміржолымызды Парсы шығанағына шығаратын болсақ, онда біздің мүмкіншілігіміз бұдан да көбейетін болады», - деді Мемлекет басшысы.