Дүниежүзілік банк: Қазақстан - әлемде ең көп реформа жүргізген ел
Баяндамаға сәйкес, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әр түрлі салада барлығы 14 реформа жүргізген.
«Қазақстан өткен жылы Орталық Азия өңірі ғана емес, бүкіл әлем бойынша ең көп реформа жүргізген ел болды. Мысалы, жаңа кәсіпорындарды, жеке мүліктерді тіркеу, құрылыс салуға рұқсат алу, несие алу, миноритарлық мүдделерді қорғау, келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету және төлем қабілетсіздігі мәселесіне қатысты реформаларды айтуға болады», - деді АҚШ-тан жүргізілген бейнеконференция барысында топ мүшесі Валентина Салтан.
Ғаламдық рейтингте Қазақстан 12 сатыға көтеріліп, 41-ші орынды иеленді. Ал Тәжікстан 132-ші орынға, Өзбекстан болса - 87-ші орынға тұрақтады.
«Орталық Азия елдері бизнес саласын реттеуге қатысты нормативтерді жүзеге асыруға жұртшылықты белсенді түрде тарту қажет», - деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сарож Кумар Джа.
Ол сонымен қатар, Қазақстанға инвестиция тартуда бірінші кезекте кедергі болатын құқықтық үдерістерді реттеу керектігін айтты. Оның пікірінше, өңірді дамытуда сот жүйесін жақсарту - маңызды рөл атқарады.