Дүниежүзілік банк: сандық технологияларды пайдаланудың артықшылықтары әлемде біркелкі үйлестірілмеген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Дүниежүзілік банк «2016 жылғы әлемдік даму туралы баяндама: Сандық дивидендтер» атты баяндаманың тұсауын кесті.
None
None

Бұл құжаттың мақсаты - сандық технологиялардың дамушы елдердегі әлеуметтік тұрмысы төмен тұрғындардың өміріне әсерін кеңінен түсіндіру.

«Сандық технологиялар қазіргі кезде әлемде кеңінен таралуда. Алайда, оларды пайдаланудың артықшылықтары, яғни сандық дивидендтер кешігіп жатыр. Көп жағдайда бұл технологиялар экономиканың дамуына, қызмет көрсету сапасын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Бірақ, өкінішке қарай олардан келіп түсетін дивидендтер біркелі таратылып жатқан жоқ», - деді мемлекеттік сектор саласы бойынша аға маман, баяндаманың тең авторы Захил Хаснайн.

Оның айтуынша, жағдайды өзгерту үшін әсіресе ғаламторға қолжетімдік саласында сандық теңсіздікті жою қажет. Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ Орталық және Оңтүстік Азия елдері мобильді инфрақұрылымдарды жақсартуда елеулі жетістікке қол жеткізді. Алайда оларда жоғары жылдамдықты ғаламторға деген қол жетімділік әлі де шектеулі. Сандық технологиялардың әлеуетін барынша пайдалану үшін ұқсас қосымшаларды дамыту қажет, яғни компаниялар арасындағы бәсекелестікті дамыту үшін тиісті заңнамаларды дамытуды, институттардың есеп беру міндеттілігін және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету қажет.

Өз сөзінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев «Ақпаратты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру арқасында елімізде интернет пайдаланушылар саны соңғы бірнеше жыл ішінде 8 пайыздан 68 пайызға дейін артқандығын жеткізді.

«Қазақстанда ғаламдық сын-тегеуріндер ескеріле отырып, дамудың жаңа кезеңіне өту жоспарлануда. Елбасының тапсырмасы бойынша бүгінде елімізде жаңа сандық тұғырнаманы жасау үшін жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр. Ол бизнесті жүргізу мүмкіндігін және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырады», - деді Ә. Исекешев.

Сонымен қатар, министр жаңа бағдарлама Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің біріне айналатындығын атап өтті. Ал оның негізгі бағыттары: тұрғындардың кеңжолақты ғаламторға қолжетімділігін қамтамасыз ету, қоғамның сандық сауаттылығын арттыру және электронды үкіметті одан әрі дамыту.

Соңғы жаңалықтар