Дүниежүзілік гуманитарлық саммитте Ыстамбұл декларациясы қабылданбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркияның Ыстамбұл қаласында Дүниежүзілік гуманитарлық саммит өз жұмысын бастады. Адамзат құндылықтары мен мұқтаж жандарға қол ұшын созуға үндейтін жоғары деңгейдегі жиын БҰҰ-ның 70 жылдық тарихында алғаш ұйымдастырылып отыр, деп хабарлады www.24.kz.
None
None

Сондықтан бүкіл әлемнің назары осы сәтте алқалы отырысқа ауған. Атап өту керек, саммитке 177 елдің өкілдері қатысуда. Оның 60-қа жуығы - мемлекет және үкімет жетекшілері. Жиынға қатысушылар БҰҰ-ның күн тәртібіне ұсынған адамзат құндылықтары, адамның қауіпсіздігі, ар-ожданы мен өсіп-өнуіне қолайлы мүмкіндік жасаудың жай-күйін талқылауда. БҰҰ қазіргі таңда әлемнің әр түкпірінде кескілескен қақтығыстар мен табиғи апаттардың жиілей түскеніне ерекше алаңдап отыр. Өйткені, төтенше жағдай салдарынан бүгінде көмекке зәру адамдардың саны 130 млн-ға жеткен. Оның 60 миллионы босқындар екен. Алайда БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мұқтаж жандарға көмек көрсетуге қолдағы мүмкіндіктер шектеулі болып отырғанын айтады. Сондықтан осы саммитте әлем елдерінің көшбасшыларына дағдарыстардың алдын алу мен қақтығыстарды тоқтатуға үндеу жарияланбақ.

«Мен бұл саммитті 4 жыл бұрын өткізуді ұсынған едім. Осы уақыт ішінде 150 елден 23 мың адаммен кездесу өткізіп үлгердік. Әлемдегі көмекке мұқтаж жандардың тағдыры бізді қатты алаңдатады. Отанындағы зорлық-зомбылық салдарынан қаншама адам үйлерін тастап, босып жүр. Бүгінде бұл - ең маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан саммитке әлем жетекшілері мен түрлі халықаралық ұйым өкілдері шақырылды. Бәріміз бірігіп, түйткілдің түйінін тарқататындай бір шешім қабылдауымыз керек», - деді БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун.

Дүниежүзілік гуманитарлық саммиттің ресми отырысынан бөлек, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық қорлардың қатысуымен 20-дан астам іс-шара өтеді. Саммиттің соңында Ыстамбұл декларациясы қабылданады деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар