13:22, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Душанбе: Даниал Ахметов Қазақстанда Тәжікстанның әскери кадрларын дайындау мәселесін талқылады
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрі Даниал Ахметов жұмыс бабындағы сапармен Душанбеде болды.
Онда Қазақстан делегациясын салтанатты жағдайда күтіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сапар барысында Д.Ахметов Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен, Мәжіліс төрағасы М.Убайдуллоевпен және елдің қорғаныс министрі Шерәлі Хайруллаевпен кездесті. Сапарға арқау болған негізгі мәселелер - әскери мамандарды дайындау және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері. ? Қазақстан армиясының әскери қызметкерлері жақында Тәжікстанның Қорғаныс министрлігінің «Фархабат» оқу орталығында «Норак-Антитеррор-2009» лаңкестікке қарсы бірлескен командалық-штабтық жаттығуға қатысты. Біз, тәжікстандық армия бөлімдерінің де Қазақстанда өтетін жаттығуларға қатысуы туралы келісім жасадық,- деп атап көрсетті Даниал Ахметов. Екі елдің қорғаныс ведомстволарының басшылары Қазақстан Республикасында әскери кадрларды дайындау мәселесіне ерекше тоқталғанын айта кету керек. ? Білім саласындағы қарым-қатынастарымыздың тығыз және берік болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз, - деп атап көрсетті Қазақстанның Қорғаныс министрі.