14:36, 22 Қараша 2014 | GMT +5
Душанбеде А. Әшімовтің шығармашылығына арналған «Қазақ жерінің перзенті» атты кітаптың тұсаукесері өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы 20 қарашада Душанбе қаласында Тәжікстан Республикасы Мәдениет министрлігінде осы елдің тілінде жарық көрген Тәжікстан суретшілер академиясының академигі, әдебиет саласындағы философия бойынша құрметті доктор, белгілі жазушы, аудармашы Абдуғаффор Абдужабборовтың аты аңызға айналған театр және кино актері, КСРО мен Қазақстан халық артисі, КСРО және Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлықтарының жүлдегері Асанәлі Әшімовтің өмірі мен творчествосына арналған «Қазақ жерінің перзенті» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

А.Әшімов, Тәжікстан Республикасы Парламентінің депутаттары, ТР Ғылым академиясы, жазушылар және кинематографистер одақтары, бұқаралық ақпарат құралдары, «Тәжікстан-Қазақстан» достық қоғамы, «Байтерек» қазақ мәдени орталығы өкілдері және Тәжікстанның өнер саласындағы сарапшылық тобы қатысқан бұл тұсаукесерде ТР Мәдениет министрі Шамсиддин Омурбекзода, Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ағыбай Смағұлов, Тәжікстан халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Саттор Турсун сөз сөйледі.
Олар екі мемлекет арасындағы халықтар достығының нығаюында осы сынды мәдени байланыстардың орны ерекше екенін атап өтті.