Душанбеде туристік көше ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Душанбеде өткен халықаралық «Dushanbe International Tourism Exhibition — DITE-2025» туристік көрмесі аясында ел астанасындағы «Куруши Кабир» саябағында жаңа туристік көше ашылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Туристическая улица открылась в Душанбе
Фото: Мадибек Джанибеков / Kazinform

Жаңа мәдени-ойын-сауық кеңістігі Тәжікстанның туристік әлеуетін танытуға және ішкі әрі халықаралық туризмді дамытуға бағытталған.

— Маусымдық туристік көше күн сайын сағат 11:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады, сондай-ақ ұлттық қолөнер бұйымдарының — ағаш ою, зергерлік әшекей, гүл кестелеу, қыш және тоқымашылық өнімдерінің, сурет өнері мен чакан бұйымдарының көрмесі мен жәрмеңкесі өтеді, — деп мәлімдеді Душанбенің туризмді дамыту бөлімі.

Қала тұрғындары мен қонақтары бір ай бойы ұлттық тағамдардан дәм татып, түрлі спорттық және зияткерлік ойындарға, байқаулар мен викториналарға, цирк және театр қойылымдарына қатыса алады.

Сондай-ақ ұлттық киім киіп, арнайы безендірілген аймақтарда естелік фото жасатуға мүмкіндік бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта Душанбеде тұрақты түрде жұмыс істейтін туристік көшені құруға негіз болады.

Осыдан бұрын Душанбеде Қазақстан киносы күндері өткенін жазғанбыз. Бағдарламаға соңғы жылдары отандық режиссерлер түсірген ең үздік туындылар енді.

Соңғы жаңалықтар