Джакартада ҚР елшісі А.Оразбай Индонезия Президенті С.Б.Юдойоноға сенім грамотасын тапсырды
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қвыеті хабарлады.
Рәсім аясында орын алған әңгіме барысында Индонезия мемлекет басшысы Қазақстанмен саясат, сауда-экономикалық және мәдениет салаларында өзара қарым-қатынастарды дамытуда Индонезия жағының мүдделерінің арта түскендігін атап өтті. Екі жақты қазақстандық-индонезиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жоғары әлеуеті мен болашағына және сауда-экономикалық бағытқа серпін беру қажеттігіне басты назар аударды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қалыптасқан достық қарым-қатынасты ерекше атай отырып, С.Б.Юдойоно Қазақстан басшысына ыстық сәлемін жолдап, еліміздің жемісті экономикалық дамуына деген шынайы ықыласын білдірді.
Өз кезегінде Асхат Оразбай Қазақстан Президентінің сәуір айындағы Индонезияға сапары барысында қол жеткізілген екі ел президенттерінің уағдаластықтарының орындалуы туралы хабарлады. Сонымен қатар, алдағы екі жақты іс-шаралар, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы және қарқынды түрде дамып келе жатқан қарым-қатынастар туралы хабардар етті.
Осы орайда А.Оразбай, 2013 жылы Президент Н.Назарбаевтың шақыруымен Индонезия Президентін Қазақстанда мемлекеттік сапарымен күтетінін жеткізді.