17:20, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
«Дженерал Электрик» компаниясының тепловоздары Қазақстанда шығарылмақ
АСТАНА. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат Айдар Оспаналиев/ - Бүгін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы мен «GE Transportation» компаниясы арасында құны 500 миллион АҚШ долларын құрайтын локомотив қызметін пайдалануға байланысты келісімге қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Құжатқа «GE Transportation компаниясы тарапынан осы компанияның президенті және бас атқарушы директоры Лорензо Симонелли, ал Қазақстан тарапынан «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының вице-президенті Ерік Сұлтанов қол қойды. Аталмыш рәсім барысында құжаттың мақсат-міндеттеріне тоқталған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарушы директоры Нұржан Байдәулетовтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері соңғы уақытта АҚШ-тың «GE Transportation» компаниясымен түрлі бағыттар бойынша бірлесіп қызмет етіп келеді. «Ал бүгін біз көлік және машина құрылысы саласындағы жұмыстарымыздың қорытындысы ретінде осындай келісімге келіп отырмыз. Бүгін «GE Transportation» компаниясы бізге өздерінің ең озық үлгіде жасалған тепловоздарын көрсетті. Енді осындай көліктер біздің еліміздегі зауытта да шығарылады. Ол зауыт әзірге іске қосылған жоқ. Оның ашылу рәсімі ағымдағы жылғы шілде айының 6-на жоспарланып отыр», - деді басқарушы директор.Оның сөзіне қарағанда, мұндай тепловоздар әлемнің ешбір мемлекетінде шығарылмайды. Оны GE компаниясы Қазақстан мен ТМД-ға мүше мемлекеттерге арнап жасаған. «Біз биылғы жылы зауытты ашатын болсақ, жыл соңына дейін тепловоздарды шығара бастаймыз. Алғашында біз онымен өзіміздің ішкі рыногымызды қамтамасыз етсек, кейінірек, яғни 3-4 жылдан соң тепловоздарды сыртқа шығара бастаймыз. Өйткені оның техникалық мүмкіндіктері өзгелермен салыстырғанда өте зор. Басқаша айтқанда, ол бәсекеге қабілетті және оны біздің болжамымызша, әлі шамамен 10 жылға дейін сақтай алады», - деді Н. Байдәулетов.«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтың айтуынша, «General Elektrik» сияқты әлемдегі ең ірі компанияның өзінің технологияларын елімізге алып келуі үлкен жетістік. Сонымен қатар ол үлкен бастама. «Өйткені дағдарыс кезінде елімізде жұмыс істейтін локомотив зауыты құрылысында 700-ден астам еңбек етті. Кәсіпорын іске қосылған соң онда тағы 150 адам жұмыспен қамтылады. Ең бастысы, бұл технология ТМД көлеміндегі үздіктердің бірі», - деді Қ.Келімбетов.