Джей Ло концерті: Орталық стадионда сахнаны құруға 220 маман тартылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 10 тамыз күні әлемдік поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті өтеді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Орталық стадионда халықаралық стандарттарға сай, көпдеңгейлі, ауқымды сахна орнатылып жатыр. Дайындыққа берілген 3 күн ішінде 220-дан астам техник-маман — монтажшылар, инженерлер, үйлестірушілер тәулік бойы еңбек етіп жатыр.

Ұйымдастырушылар қала қызметтерімен бірлесе отырып, қауіпсіздік пен логистиканың негізгі қырларын да пысықтауда. Концерт күні стадион бірнеше аймақтарға бөлінеді: фан-аймақтар, лаунж-аймақтар, фуд-корттар, VIP және медиа аймақтар. Қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін медициналық бригадалар, төтенше жағдай қызметкерлері және өрт сөндіру топтары кезекшілік атқарады. Кіру қақпаларына металл детекторлар мен қол сканерлері бар 26 бақылау-өткізу пункті орнатылады.

- Концерт билеттері толық сатылып кетті. Оларды АҚШ пен Жапониядан бастап, БАӘ мен Канадаға дейінгі 35-тен астам елдің көрермендері және мыңдаған қазақстандық сатып алды. Мұндай халықаралық қызығушылық туризм мен креативті экономиканың қуатты драйверіне айналып, Алматының аймақтың мәдени астанасы ретіндегі мәртебесін нығайтады. Бұл жай концерт емес, Қазақстан үшін тарихи сәт: технология, шеберлік пен энергияның тоғысуы, ол қаланың жылнамасына алтын әріптермен жазылады», —деді First Media Group директоры Альфия Нұрғұмарова.

Еске салайық, жалпы концерт кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2960 қызметкер жұмылдырылады. Оның ішінде 2240 полиция қызметкері, 600 әскери қызметкер, 120 жеке күзет агенттігі өкілдері және 300 ерікті бар.
Бұған дейін Джей Ло концерті кезінде Алматыда қандай көшелер жабылатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ Орталық стадионға арнайы автобустар қай жақтан қатынайтынын жазған едік.
Әлемдік поп-жұлдыз 1 тамыз күні «Астана Арена» стадионында жеке концерт берді.
