10:42, 29 Сәуір 2011 | GMT +5
Дзюдошы Жанар Жанзұнова - Спартакиада чемпионы
ЫЛОРДА. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне арналған Қазақстан Республикасының ІІІ спартакиадасы аясында Орал қаласында өткен дзюдо күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы чемпионатта қызылордалық Жанар Жанзұнова топ жарды.

Еліміздің III спартакиадасы бағдарламасы бойынша өткізілген бұл додалы жарысқа Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан 170-ке жуық спортшы қатысты. Олар 8 салмақ дәрежесі бойынша медальдарды сарапқа салды. Осында Сыр бойынан барған 15 спортшының 8-і жүлдемен оралды. Абсолютті салмақта алтын медальдың иегері атанған Ж.Жанзұнова өзінің 70 келіге дейінгі салмағында күміс медальға қол жеткізді. Екінші орын сондай-ақ Руслан Әбдіразақов (абсолютті салмақ) пен Мөлдір Болатбековаға (52 келі), үшінші орын Әйгерім Мәденоваға (48 келі), Дархан Саржанов (60 келі) пен Ғалия Өлментаеваға (78 келі) бұйырды.